Ақтөбеде 14 жастағы оқушы қуыршақ тоқып, айына 100 мың теңге табыс табады
Жарияланған күні:
Ақтөбеде 8-сынып оқушысы Ақпейіл Сағи шеберлігінің арқасында айына 100 мың теңге табыс тауып отыр. Дарынды балаларға арналған интернаттың үздік оқушысы қуыршақ тоқып, әлеуметтік желі арқылы сатуға шығарған. Түстерді ерекше үйлесімділікпен пайдаланатын жас шебер болашақта дизайнер болуды армандайды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Қолөнермен айналысқан ұнайды. Ілмекпен тоқуды шетел тілі пәнінің мұғалімі Анаргүл Сапарқызынан үйрендім. Апайым өзіне ерекше әдемі киімдерді тоқып, киіп жүреді. Қатты қызықтым. 6-сыныпта оқып жүргенімде Анаргүл Сапарқызынан тоқыманың қыр-сырын үйрендім. Кейін мектептегі қыздарға арналған үйірмеде Айгүл Нариманқызы тоқыманың құр-сырын үйретті. Ашық түстерді көп қолданамын. Себебі ашық түстер адамдарға қуаныш сыйлайды. Тоқыма тоқу – сабырлыққа үйретеді. Әдемі түстермен түрлі қиялдарға берілесің. Қолөнерге сұраныс та жоқ емес, табыс табуға болады",- дейді 8-сынып оқушысы Ақпейіл Сағи.
Кейіпкеріміз қаладағы М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының үздік оқушысы. Қолөнермен сабақтан тыс уақытында айналысады. Жас шебердің қолынан шыққан мультфильм кейіпкерлері мен қуыршақ үлгісіндегі жануарларды интерьер үшін де алатындар бар. Табысты оқушы қазірдің өзінде өз қаржысына диван, жоғары жылдамдықтағы велосипед және жұмыс жасауына ыңғайлы шағын кресло сатып алған. Ізденімпаз оқушының шығыны мен табысын жазып отырған кіріс-шығыс дәптері де бар.
"Алған жіптерімнің бағасын шығару үшін есеп жүргіземін. Дәптерге әр жіптің бағасын жазамын. Кейін шығын жабылғаннан кейін қанша пайда тапқаным шығады. Болашақта осы істі жалғастырып, дизайнер болғым келеді. Қазір Нұр-Сұлтан қаласынан келген тапсырыс бойынша қуыршақ тоқып жатырмын. Қуыршақтарға киіліп-шешілетін пальто да тоқимын. Сабағымды бітірген соң ғана тапсырыспен айналысамын. Көйлегі бар қуыршақтар 5 мың теңге, пальтосы бар қуыршақтар 6 мың теңгеге шығады. Қолжетімді баға деп ойлаймын. Егер арзандау болса өтімі де тез болады",- дейді Ақпейіл.
Жас шебердің анасы қызының шетелдік тоқымашылармен де байланыс жасап отырғанын айтады.
"Ақпейілдің тоқымаға деген икемі нағашы әжесінен берілген. Менің анам тоқымасын тастамайтын. Қызым да өз қызығушылығымен бастады. Өзім мектепте мұғалім болғандықтан таңертең кетіп, кеш келемін. Ақпейіл көбіне папасымен бірге. Папасы вахтадан келгенде тоқығандарын көрсетіп, бірге ақылдасады. Қызым қолөнерге бейім басқа елдің азаматтарымен де байланысып отыр. Instagram арқылы Ресейдің Қиыр Шығыстағы Амур өлкесінде тұратын тоқымашы әженің марафонына қатысты. Ол жерде ең жасы Ақпейіл болды. Марафонда 20 жыл бұрын Қазақстаннан көшіп кеткен әже қызымды тауып алып, елдегі жағдайды сұраған. Қазақ халқын еңбекқор, қонақжай деп айтқан. Бұл байланыс та баланың жан-жақты дамыту үшін керек деп ойлаймын. Өз табысы бар. Өткен қазан айындағы табысы - 150 мың теңге болды. Орта есеппен айына өзіне 100 мың теңге көлемінде ақша тауып отыр. Өз затына мұқият. Алған заттарының түбіртектерін жинап, есебін жүргізіп отырады. Оған ақша тап деп жатқан жоқпыз, өз қызығушылығымен бастады",- дейді анасы Мейрамгүл Нұрбаева.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884669-aktbede-14-zastagy-okusy-kuyrsak-tokyp-ajyna-100-my-tege-tabys-tabady/