Алматыда жол талғамайтын көлік аялдамаға соғылып, жер асты өткеліне ұшып кетті (фото)
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде Алматыда болған жол апатынан кадрлар жарияланды. Онда жол талғамайтын көліктің жер асты өткеліне ұшып кеткенін аңғаруға болады. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апатының мән-жайын айтып берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Департамент ақпарынша, жол-көлік оқиғасы бүгін сағат түскі бір шамасында Бостандық ауданында болған.
Mitsubishi Pajero рөлінде 45 жастағы әйел отырған. Ол Сәтбаев көшесі бойымен батыс бағытта келе жатып, рөлді басқара алмай қалған.
Салдарынан автокөлік бетон бордюрге, аялдама кешеніне соғылып, артынша жер асты өткеліне ұшып кеткен.
Полицияда көлік жүргізушісімен қатар, 40 жастағы әйел мен 2010, 2014 және 2015 жылы туған үш бала зардап шеккенін хабарлады. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары оқиғаның егжей-тегжейін зерттеп жатыр.
Айта кетейік, Түркістан облысында жол апаты салдарынан үш адам көз жұмды, оның ішінде емізулі бала бар.
Жол-көлік оқиғасы 12 қараша күні шамамен таңғы сағат 9.00-де Алматы-Ташкент-Термез автожолының 725 шақырымында болған.
"Daewoo Nexia" автокөлігінің жүргізушісі рөлді басқара алмай, металл бағанаға соғылып, жол шетіне аударылған. Оқиға орнында жүргізушінің үш туысы, соның ішінде нәресте көз жұмған.
Жүргізушінің өзі және тағы бір жолаушы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Бұл жайтты полиция қызметкерлері Төле би АПБ-нің СДТБТ-не тіркеген.
Қазіргі таңда Түркістан облысының полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеуді жүргізуде. Сараптама тағайындалған. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884690-almatyda-zol-talgamajtyn-klik-aaldamaga-sogylyp-zer-asty-tkeline-syp-ketti-foto/