RU

Қазақстанда -26 градусқа дейін суық күтілуде

Ауа райы
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алдағы күндері Қазақстанның солтүстік өңірлерінде -26 градусқа дейін аяз болады. 17-19 қараша аралығында елдің оңтүстігінде ауа температурасы төмендейді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қазгидромет РМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамына сүйенсек, оңтүстік пен оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қатты қар жауады.

Антициклон салдарынан ауа температурасы төмендейді.

Мамандардың сөзінше, еліміздің солтүстік аймақтарында түнде -18 -26 градусқа дейін, ал оңтүстік өңірлерде -5 -15 градусқа дейін аяз болады деп күтілуде.

Одан бөлек Қазақстанның кейбір өңірлерінде тұман, оңтүстік жартысында көктайғақ, солтүстік бөлігінде бұрқасын болуы мүмкін.

Еске сала кетсек, ішкі істер министрлігі жолдарда сақтық шараларын қабылдау қажеттілігі туралы ескерткен еді.

Министрліктің хабарлауынша, жүргізушілердің жылдамдық режимін, көлік құралдары арасындағы қашықтықты сақтамауы - қыс мезгілінде орын алатын жол-көлік оқиғаларының басты себептері.

Айта кетейік, Қазгидрометтің синоптиктері алдағы қыс қандай болатынын хабарлады.

Ауа райын болжаушылардың мәліметінше, 2020-2021 жылдардың қысы өткен жылғы қысқа ұқсас, яғни жылы және жауын-шашынды болады деп болжанып отыр.

Мамандар алдағы қыста ел аумағында температура климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болатынын, тек республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және шығысында таулы және тау бөктеріндегі аумақтарда норма төңірегінде қалыптасатынын мәлім етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884870-kazakstanda--26-graduska-dejin-suyk-ktilude/