Қазақстанда науқас балалардың арманын орындайтын қор жұмысын бастады
Жарияланған күні:
Кеше, 15 қараша күні Алматыда "Menin Armanym" Корпоративтік қорының ресми түрде ашылу салтанаты өтті. 3 жастан 18 жасқа дейінгі науқас балалардың арманын орындауға атсалысатын жоба елдің барлық өңірінде жүзеге асырылмақ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Шараға Нұрлан Еспанов, Абай Бегей, Асхат Тарғын, Ғани Тұрғынбаев пен Нұржан Еркінұлы қатысты. Сондай-ақ, жиында отандық танымал блогерлер, вайнерлер мен БАҚ өкілдері бой көрсетті. Ашылу салтанатының қызыл лентасын ҚР "Мәдениет қайреткері", әнші-композитор Нұрлан Еспанов қиып, балаларға бақыт сыйлайтын жобаның жұмысына сәттілік тіледі.
Жиын барысында меймандарға "Menin Armanym" Корпоративтік қорының алғашқы нәтижесі де көрсетіліп, сайт қызметі мен қор миссиясы жөнінде егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылды.
"Menin Armanym" Корпоративтік қорының басты мақсаты - паллиативтік көмек көрсету арқылы баланың моральдық рухын көтеру. Қор сыйлық беруге және емделуге қаражат жинамайды, тек балалардың арманын жүзеге асырады. Директор Шамиль Ванкеевтің сөзінше, бүгінде оңтүстік астанада бастау алған жобада жеті адам қызмет етеді. Олар онкологиялық орталықтармен бірлесе жұмыс жүргізуде.
Ал алдағы уақытта корпоративтік қор Қазақстанның түкпір-түкпірінен өтініштер қабылдауға әзір. Ол үшін науқас балалар menin-armanym.kz сайтына кіріп, өтініш тастаса жеткілікті. Дертке шалдыққан бүлдіршіндерге көмек көрсетуге атсалысқысы келген еріктілер де аталған сайтқа кіріп, сауалнама толтыруы тиіс. Бүгінде жобаға 50-ден аса волонтер жұмылдырған.
Медиа - координатор Олжас Еспановтың сөзінше, жоба әлемде "Make a wish" атымен танымал. Осы орайда, қазақстандық корпоративтік қор Түркиядағы штаб-пәтерге барып, меморандумға қол қойып, екі ел арасында серіктестік орнатқан. Алдағы уақытта басқа да мемлекеттермен келісімшартқа отыру жоспарда бар.
Қор жетекшілері "Menin Armanym" жобасының алғашқы видео шығарылымы Назарбаева Дариға Нұрсұлтанқызына да көрсетілгенін атап өтті.
COVID-19 пандемиясына байланысты ара-қашықтық сақтау және шақырылған қонақтарды уақыт бойынша бөлу сынды сақтық шаралары қабылданды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884899-almatyda-naukas-balalardy-armanyn-oryndajtyn-kor-zmysyn-bastady/