RU

Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы өрескел заң бұзушылықтар туралы айтты

Президент екі министрліктің жауапты хатшысы қызметінен босатты
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрлігіне Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, медициналық статистиканы бағалау және талдау жөнінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар барлық денсаулық сақтау ұйымдарының толық дайын болуын қамтамасыз етуді міндеттеді деп хабарлайды Ақорда.

Айта кетерлігі, бұл әскери медицинаға да тікелей қатысты. Себебі олар індетпен күресу үшін шұғыл күш жұмылдыруға және құралдармен жабдықтауға дайын болуы тиіс.

"Медициналық ұйымдарға жүргізілген бағалау қорытындысы олардың дайындық деңгейінің әлі де төмен екенін көрсетті. Денсаулық сақтау нысандарының жартысынан астамында заң бұзушылықтар анықталған. Ауруханалар аймақтарға толық бөлінбеген. Нәтижесінде емделушілер мен аурухана қызметкерлерінің індет жұқтыру қаупі сақталып отыр.
Шын мәнінде, барлық өңірлерде жан сақтау бөлімшелерінің тиісті құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілмегені көрінді. Атап айтқанда, коронавирус індетімен қатты ауырған науқастарды емдеуге қажетті жекелеген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жетіспеушілігі байқалады. Өңірлер емдеу хаттамасында көрсетілген дәрі-дәрмектерді емес, өздерінің білгені бойынша препараттар сатып алуда", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол медициналық ұйымдардың, дәріханалардың не сатып алғанын, жалпы бірыңғай дистрибьютердің қоймаларындағы дәрі-дәрмек қорын анықтауды талап етті.

Үкімет әкімдерімен бірлесіп, бекітілген емдеу нормалары мен хаттамасына сәйкес келетін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың сатып алынуын қамтамасыз етуі керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1884951-tokaev-densaulyk-saktau-salasyndagy-reskel-za-bzusylyktar-turaly-ajtty/