RU

Қашықтан оқытуға байланысты мұғалімдердің жалақысы қысқаратыны рас па

ұстаз
Көрнекі фото: inbusiness.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари қашықтан оқытуға байланысты педагогтардың жалақысы қысқаратыны туралы ақпаратқа пікір білдірді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Әлеуметтік желілерде қашықтан оқытуға байланысты мұғалімдердің жалақысы қысқаратыны туралы шағымдар жазылды. Министр жалақы қысқармайтыны туралы айтқан болатын. Осындай жағдайда мұғалімдер не істеуі керек және бұл қаншалықты заңды?" – деген сұрақ қойды тілші екінші тоқсанның басталуына арналған брифингте.

"ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Қанатұлы айтқандай, жалақы қысқармайды. Нақты жағдай бойынша қарастыру керек. Егер нақты қай мұғалімнің жалақысы қысқарғаны туралы ақпарат болса, біз оны егжей-тегжейлі қарап, сіз айтқан мәселеге қатысты тиісті қорытынды шығарамыз", - деді Рүстем Биғари.

Айта кетейік, бұған дейін екінші тоқсаннан бастап оқушылар саны 300-ге дейінгі қала және ауыл мектептерінің жұмысы дәстүрлі форматқа көшетінін хабарлаған едік.

Сонымен қатар ата-аналардың өтініші бойынша 1 сыныптан 5 сыныпқа дейін, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін кезекші сыныптарда оқуға рұқсат етіледі. Бұл жағдайда санитарлық-дезинфекциялық режим маска режимі, шахмат ретімен отырғызу және әлеуметтік ара қашықтықты сақталу қажет.

Сонымен қатар Білім және ғылым министрі педагогтар біліктілік санаты үшін қосымша ақы алатынын айтқан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885088-kasyktan-okytuga-bajlanysty-mgalimderdi-zalakysy-kyskaratyny-ras-pa/