Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балаларымен ант етті": Атырау қаласының прокуратурасына алданған бір топ адам келді

Опубликовано:

Фото
Фото: Ақ Жайық

32 жастағы алаяқ әйелге алданып қалған Атырау қаласының он шақты тұрғыны тергеу ісінің баяу жүріп жатқанына наразылық білдіру үшін облыстық прокуратура ғимаратының алдына жиналды. Күдікті әйел наразы топтан "несиелеріңді жауып беремін", "үй алып беремін" деп 500 мың теңгеден 9 млн теңгеге дейін ақша алған. Тіпті, көпбалалы ананың атына несие рәсімдеген деп жазады Ақ Жайық басылымы.

Алданған қала тұрғындарының бірі Зудьфия Наурызованың сөзінше, күдікті коллектор компаниясында жұмыс істейтінін айтып, өзінің құжаттарын, тіпті, анықтама көрсеткен.

"Несиелеріңізді жауып, кейін үй алып беремін деп уәде етті. Банкке бармай-ақ қойыңыз, бәрін өзім жауып тастаймын деген соң банкке бармадым. Кейін несиемді жаппағанын білдім. Коронавирус кезінде анамнан айырылып қалдым деп айтқаннан кейін, оған анасының бейітін көтеруге ақша жинап бердік. Сөйтсек, анасы тірі екен. Ақшаны алған кезде өзінің ата-анасымен, балаларының атымен ант етті. Қалай сенбейміз?", – дейді Зудьфия Наурызова.

Алаяқ әйелдің құрбандары қазан айында қалалық полиция басқармасына арыз жазған. Нәтижесінде қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Алайда зардап шегушілерді ешкім жауап алуға шақырмаған. Жиналғандар күдіктіге біреу "қамқорлық жасап отыр" деп күмәнданатындарын жасырған жоқ.

"Неге істі тергемей жатыр? Әлде алаяқтың артында біреулер тұр ма?", - дейді олар ашуға булығып.

Басылым мәліметінше, алданып қалғандардың арасында мүгедек баласы бар ана мен көпбалалы аналар бар. Күдікті оларға "қалалық әкімдікте және қалалық ТКШ бөлімінде таныстарым" бар деп, екеуінен миллион теңгеден астам ақша алған. Одан бөлек, үй алуға керек деп, 7 баланың анасын қолына жеке куәлігін ұстатып суретке түсіріп, оның атына микронесиелік ұйымдардан 500 мың теңгеден астам сомаға 9 несие рәсімдеген.

"Үйіме келіп, суретке түсіріп алды. Ойымда ештеңе жоқ, келісім бердім. Кейін менің атымнан микронесие рәсімдеп алғаны белгілі болды. Оны үйіме қарыз туралы хабарлама келгенде бір-ақ білдім. Оны енді қалай төлеймін? Жолдасым екеуміз де жұмыссыз отырмыз. Кішкентайым - 4 айлық. Полицияға арыз жаздым, іс әлі бір орыннан жылжыған жоқ. Атырауда жүрген адамды ұстау қиын ба?", - дейді көпбалалы ана Жадыра Темірболатова.

Фото
Фото: Ақ Жайық

Жиналған топтың шағымын облыс прокуратурасы тыңдап, олардың арызын прокурор Ардақ Битурин қабылдап алған.

Фото
Фото: Ақ Жайық

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде апалы-сіңлілі қыздарға алданған жігіттің сан соғып қалғанын жазған едік.

Сонымен қатар Таразда 40 жастағы әйелдің бірнеше адамнан 90 млн теңгеден астам қаржыны алаяқтық жолмен алды деп айыпталып отырғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885143-balalarymen-ant-etti-atyrau-kalasyny-prokuraturasyna-aldangan-bir-top-adam-keldi/

pixel