Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дуа мен сиқырды үйретеді": Белгілі әнші Құралай ханым туралы ойын ашық айтты

Жарияланған күні:

Айгүл Елшібаева
Айгүл Елшібаева. Фото: instagram.com/aigulyelshibayeva01

Дәстүрлі әнші, еліміздегі жыраулар мектебін жалғастырушы Айгүл Елшібаева халық арасында өзін психолог ретінде таныстырып, түрлі тренингтер өткізіп, "Құралай ханым" атымен танылған Құралай Ошақбаеваны әлеуметтік желіде ашық түрде сынап келеді. Оның мұндай қадамға баруына Құралай ханымның тренинг барысында будда іліміндегі дуа, сиқыр ілімдерін қолданып, мыңдаған қыз-келіншектердің сеніміне кіргені себеп болған екен. Құралай ханым қандай тәсілдер қолданып жүр? Оның ислам дініне оғаш келетін әдістері қандай? Айгүл Елшібаева KAZ.NUR.KZ тілшісіне арнайы сұхбат беріп, Құралай Ошақбаеваны "жалған психолог" деп атады.

"Өзім өмірімде психологқа барып, бұл ілімге қызығып көрмеген адаммын. Бала күнімнен жыраулар жолын жалғастырып келемін, бес уақыт намазым да түгел. Сондықтан, бұл тақырып маған мүлде алыс. Бірақ ойда-жоқта осыған килігемін деп ойламаппын.

Құралай Ошақбаевамен әлеуметтік желіде жеті айдан бері «арпалысып» келемін. Мұның себебі жоқ емес. Желіден оның қыз-келіншектерге айтып жатқан ақылы мен берген кеңесін естіп, жағамды ұстадым. Бұл дегенің қып-қызыл сиқыр, дуа.

Егер оның видеоларын көретін болсаңыздар, дінімізге жат талай нәрсенің жатқанын байқайсыздар. Өкінішке қарай, қазақтың қыз-келіншектері дені дұрыс дипломы да, психология саласынан мардымды білімі де жоқ, псевдопсихолог Құралайға сеніп, айтқанын істеп, қыруар ақшасын желге ұшырып отыр", - дейді әнші.

Айгүл Елшібаеваның айтуынша, Құралай ханымға әйелдер тез байысам, тезірек қарыздан құтылсам, күйеуімді дұрыс жолға қойсам деген оймен барады.

"Қазір екінің бірі еңбек етпей-ақ, тез байып кетуді армандайды. Құралай үшін мұндай әйелдердің көптігі үлкен олжа. Себебі, ол дуа мен сиқырды, сайтани әрекеттерді пайдаланып, будда іліміндегі гипноздарды қолданып, мыңдаған қыз-келіншекке ақыл айтып, табысқа кенеліп отыр. Ол өзі будданы ұстанатын Наталья Правдинаны құдайындай көреді. Instagram-да осы тақырыпты көтерген соң, маған келген хаттың санында есеп жоқ. Көпшілігі Құралайдың лекциясынан кейін талай қыз-келіншектің шығынға батқанын, жақынынан айырылғанын, тіпті, кейбіреулерінің өздері о дүниелік болғанын жақындары жазып жатыр", - дейді Елшібаева.

Әсіресе, Құралай ханымның лекцияларының бірінде Гүлбаршын Зайырованың күйеуіне қатысты айтқан әңгімесін біраз қолданушы жолдаған.

"Құралай тренингтердің бірінде тележүргізуші Гүлбаршын Зайырованың күйеуі Айбатыр Жұмағалиевтің энергиясын қалай алғанын айтып беріпті. Маған келген хат иесінің айтуынша, Құралай бір отырыста есіктен кіріп келген Айбатыр Жұмағалиевтің энергиясын іштей сорып, ойша қанаттарын жайып жібергенін айтқан. Сол күні үйіне қайтып бара жатып бір бума ақша тауып алыпты. Бұл сиқыр, гипноз емей немене? Бір қызығы, әлгі жиында мен де болдым. Бірақ өзімді аяқ астынан жайсыз сезініп, еш себепсіз қайтып кеттім. Әдетте, отырыстардың соңына дейін болатынмын. Шамасы, Құралай сол кезде жайсыз әдістер қолданса керек", - дейді Айгүл Елшібаева.

Дәстүрлі әнші Құралай ханымның депутат болудан да үмітті екенін айтады. Ол айтарлықтай білімі жоқ адамдардың депутаттық қызметте қандай шаруа атқаранын білмей дал.

"Бүгінде ол партияішілік іріктеулерден өтіп жатыр. Алдағы үлкен сайлауға түспекші екен. Бізде кім депутат болмай жатыр? Бірақ осындай дуа, сиқырмен айналысатын псевдопсихологтар депутаттық креслода не тындырады деген ой келеді. Осы орайда, асыл дінімізге қарсы шығып, үйіне мандарин шашып, лимонға қырық ине шаншып, түрлі айла-әдістерді жұртқа үйретіп жүрген Құралайға сенбеңіздер дегім келеді. Одан да психология ғылымын жақсы меңгерген нағыз маманға барыңыздар, дін өкілдерінен кеңес алыңыздар", - дейді әнші.

Еске сала кетсек, бұған дейін отбасылық психолог Ержан Мырзабаев әлеуметтік желідегі қазақ психологиялық контентті сынға алған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885326-ajgl-elsibaeva-kralaj-hanym-kaly-zrtka-dua-men-sikyrdy-jretip-zr/