RU

Алдағы үш жылда Ұлттық қордан қанша ақша бөлінеді: Парламент заң қабылдады

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Сенат Ұлттық қордан 2021 – 2023 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңды қабылдады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұған дейін заң жобасын мәжіліс мақұлдаған болатын. 

Құжатта Ұлттық қордан 2021 жылы – 2 триллион 700 миллиард теңге, 2022 жылы –  2 триллион 400 миллиард теңге, 2023 жылы – 2 триллион 200 миллиард теңге кепілдендірілген трансферт бөлу көзделген.

"Заң жобасында, сондай-ақ. кепілдендірілген трансфертті пайдаланудың нысаналы бағыты айқындалды. Осы қаражат республикалық бюджеттен ортақ зейнетақыларды төлеуге және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне бағытталады", - деді ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Ол кепілдендірілген трансферт бөлінгеннен кейін Ұлттық қордағы қаражат жалпы ішкі өнімнің 30% мөлшерінен төмендемейтінін атап өтті. 

Парламент Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт туралы заңды қабылдап, президенттің қол қоюына жіберді.

Айта кетейік, осыған дейін Нурфин тілшілері Қазақстанның қай өңірінде орташа зейнетақы мөлшері жоғары екенін анықтаған болатын.

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, зейнет жасындағы адамдардың ең көп шоғырлануы елдің қалаларында байқалады - қала тұрғындарының 11,6%-ы зейнет жасына жеткен. Ал ауылдық жерлерде еңбекке қабілетті жастан асқан адамдардың үлесі тек 10,3%-ды құрап отыр.

Елдің әкімшілік бірліктері тұрғысынан "ең қарт" аймақ Солтүстік Қазақстан облысы болып шықты, онда 100 мың тұрғынға 18 359 зейнеткер келеді. Екінші және үшінші орындарды Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстары иеленді: бұл өңірдерде халықтың 100 мыңына, сәйкесінше 16 637 және 16 548 қарт адам келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885459-aldagy-s-zylda-lttyk-kordan-kansa-aksa-blinedi-parlament-za-kabyldady/