Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Журналист қазақ қоғамын сексуалды сауатсыздықпен күресуге шақырды

Опубликовано:

Шырақ Байкенова подкаст түсірді
Фото: жеке мұрағат

Интернеттің қазақ тілді кеңістігінде сексуалдық сауат, жыныстық тәрбие, ерлер психологиясы туралы ақпарат тапшы. Жас журналист Шырақ Байкенова осы олқылықтың орнын толтыруға білек сыбана кіріскен. KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат берген ол қазақ қоғамында ашық айтылмайтын психологиялық және сексуалдық сауатсыздық туралы сөз қозғады.

Шырақ Байкенова ашық айтуға "ұят" мәселені көтеріп, арнайы подкаст түсіріп жүр. Қазақ қызы үшін осындай батыл қадамға барған журналист қоғамдағы жыныстық тәрбие ұғымын жаңа деңгейге көтеруге тырысатынын айтады.

"Маған ата-анам, ол кісілерге ата-әжем ешқашан жыныстық тәрбие беріп көрмеген. Бәріміз "жыныстық қатынас туралы білу - ұят" деп қабылдадық. Бізді "секс" десе бірден лас, кір нәрсе деп тәрбиеледі. Соған сай бұл ақпарат өзгеріссіз ұрпақтан ұрпаққа беріле берді", - дейді ол.

Шырақ Байкенова подкаст түсірді
Фото: жеке мұрағат

Журналист бүгінгі таңда балаларға жыныстық тәрбиені ерте жастан беруге тура келетінін айтады. Өйткені ақпаратқа қол жеткізу оңай болып қалды.

"Менің жасап жүрген нәрсемді 18+ контенті дейміз. Негізі балаға жыныстық тәрбиені ертерек беру керек деп ойлаймын. 8-9 жастан айта бастау қажет. Өйткені қазіргі балалардың ақыл-ойы ерте дамып жатыр. Физиологиялық, психологиялық жағынан да әлдеқайда тез жетіледі. Оған мына ақпараттың жылдам тарауы әсер етуде. 8-9 жаста балаңыз сізге кішкентай боп көрінуі мүмкін. Бірақ бала смартфондар арқылы көретін нәрсені көріп, білетін нәрсені баяғыда естіп алған. Сырттан дұрыс емес ақпаратты алмас үшін ата-ана жауапкершілік алып, бұл нәрсені өзі түсіндіру керек сияқты", - дейді журналист.

Шырақ Байкенова подкаст түсіру идеясының неден бастау алғанын әңгімелеп берді.

"Мен бұл тақырыпты бұрыннан зерттеп келемін. Осы сала аясында сайттарға жазбаша материал дайындап жүрдім. Қазақ қоғамындағы қыздық культі туралы жаздым. Классикалық қазақ тілді қоғамда тәрбиеленген қыздардан сұхбат алдым. Олардың (қазақы ортадан шыққан қыздар) өмір бақи естіп өскені - қыздық перденің ең басты құндылық екені, пәктіктен айырылмау керек екені.

Ал қыз бала оны өмірлік ұстаным ретінде қабылдады. Ол өз бойында жоғары бағаланатын құндылық білім емес, басқа емес, тек қыздығы деп білді. Сондықтан қыз пәктіктен айырылғанда өзінің бағасын түсіре бастайды. Ол өзін адам ретінде бағалауға құқым жоқ деп ойлап қалды. Сөйтіп психикасы бұзылды.

Мысалы бір кейіпкерім ұзақ уақыт бойы өзін кірмін, ласпын, адам емеспін деген түсінікпен қамалып қалды да, психологқа барып, сол сезімдерден арылды. Адам қатарына қосылу үшін үш жыл жұмсау керек болды.

Екінші кейіпкер дөрекі қарым-қатынаста болған. Сол себепті ол өзінің туған жерін тастап, басқа қалаға көшіп кеткен, намаз оқып тазалануға тырысқан. Үшінші кейіпкер де солай. Психологиялық жай-күйі нашарлаған.

Онымен айтпағым - адамның адамдығы ол нәрсемен өлшенбеу керек, сол нәрсенің бар-жоғы қыздарда комплекс тудырмау керек. Бізде сексуалдық сауатсыздықтың себебінен көп адам қыздардың алғашқы қатынас кезінде барлығынан бірдей пәк екендігі біліне бермейтінін ескере бермейді. Физиологиялық ерекшелікті түсіну керек. Бұл жағдайдың бәрі сексуалды сауаттылыққа келіп тіреледі.

Одан өзге әйелдердің босанғаннан кейінгі физиологиясындағы өзгерістер, психологиялық жағдайы туралы айтамын. Жас босанған ана үлкен-кіші дәретте қиналуы мүмкін, психикасы сыр береді кейде. Кәдімгідей өмірден түңіліп кетеді. Біздің қоғамда соны жасырғандықтан жараның үстіне жара жинала береді. Бар нәрсені жоқ деп көз жұмуға болмайды. Оны қабылдау керек, әрекет ету керек деген мақсатта Youtube-те "Пайдалы подкаст" жасадым", - дейді жас журналист.

Шырақ бұл тақырыпты алғашында орыс тілінде жазып жүрген. Орыс тіліндегі контенттің онсыз да көп екенін ұққан ол қазақтілді аудиторияға видео форматында ұсынуды шешкен.

"Мен қоғам тарапынан агрессия көп болады деп ойладым, бірінші подкастымды жарияларда "жұрт түсінбей қалса қайтемін" деген қорқыныш болды. Алайда адамдарға мұндай ақпарат керек екен, мен мұндай реакцияны күткен жоқпын. Маған Атыраудан, Шымкенттен, Семейден проблемасы бар ер адамдар жазып жатыр. Осыдан ұққаным - адамдардың денсаулыққа деген түсініктері таяз, денсаулыққа салғырт қарайды. Емделу деген процестің бар екенін білмейді. Дәрігерге бару мәдениеті жоқ", - дейді ол.

Журналистің пайымынша, қоғамда ер адамдар қорғансыз болып бара жатыр. Олардың проблемасы жабулы күйінде қалуда.

"Мен қазіргі кезде әйелдер мәселесі кеңінен көтеріліп жатқанына қуанамын. Алайда қоғамда әйелдермен қатар ерлер де қорғансыз. Олардың психологиялық мәселесі бізде көтеріле бермейді. Біздің салт-санада еркектерден мықты болуды, эмоциясын білдірмеуді талап етеді. Сәйкесінше сыртқа шықпаған эмоция агрессиямен шыға бастады. Жұдырығы қолында жүретін ер адамдар көбейді. Алкогольге, темекіге, нашаға тәуелді болудың түбі содан. Эмоцияны ішінен баса береді. Ол инфаркт, инсультке алып келеді. Соңғы статистика бойынша ерлер әйелдерден 9 жыл кем өмір сүреді", - деген пікір білдірді Шырақ Байкенова.

Журналист тек сексуалдық сауатты ғана насихаттамай, қоғам назарын психикалық саулыққа аудартқысы келетінін айтады. Оның ойынша біздің елде психолог, сексологқа бару, арнайы маманға жүгіну мәдениеті жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1885636-zurnalist-kazak-kogamyn-seksualdyk-sauatsyzdykpen-kresuge-sakyrdy/

pixel