RU

ШҚО-да дәрігерлер бас көтерген аурухана басшысының қыздары өз шындығын айтты

бас дәрігер қыздары
Видеодан скриншот: instagram

Кеше ШҚО Үржар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің басы дауға қалғаны белгілі болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы құрған арнайы комиссия бұл істі тексеріп жатыр. Бүгін аурухана басшысының қыздары желіге видео жүктеп, әкесіне қатысты өз шындығын айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Еске сала кетсек, кеше желіге видеоүндеу жіберіп, аурухананың бас дәрігерінен бас тартатынын мәлімдеген он шақты медицина қызметкерлері жанайқайын айтқан болатын.

Ал мекеме басшысының қыздары тараған ақпаратты теріске шығарып отыр. Олардың сөзінше, ауруханада жұмыс істейтін он шақты медицина қызметкері басшысының абыройына нұқсан келтірген жалған мәлімет таратқан.

"Біз Үржар ауданы ауруханасының бас дәрігері Абылқасымов Баубек Шайзадаұлының қыздарымыз. Ол кісіге жалған жала жабылып отыр. Абыройына нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін көптеген ақпарат пабликтерде тарап жатыр. Және осы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бабы бойынша заң алдында жауап беруін сұраймыз.

Он шақты қызметкер жұмыстарына жауапкершілікпен қарамағандықтан, бастық тарапынан келген талаптарға шыдай алмай осындай дүниелер жасап жатыр. Әңгіменің нақтысына келсек, сол ауруханада жұмыс жасайтын қызметкерлер бірігіп әкемнің атына абыройына нұқсан келтіріп отыр. 30 жылдық еңбегін жоққа шығарды. Біздің оларға нақты дәлелмен айтар жауабымыз бар", - дейді қыздардың бірі.

Олар әкесінің өміріне уайымдайтындарын алға тартады.

"Осыған дейін өздері шешсін деп ойлағанбыз, бірақ біз қыздары ретінде әкеміздің өміріне қатты уайымдаймыз.

Оған кеше түнде бірнеше адам келіп, өміріне қастандық жасаймыз деп қорқытқан. Осыдан кейін біз сізге шығуға мәжбүр болдық.

Біздің әкеміз жеті баланың әкесі. Ең соңғылары бастауыш мектеп жасындағы балалар. Інілеріміздің, ата-анамыздың өміріне уайымдағандықтан осы видеоны жіберуге мәжбүрміз", - деп түсіндірді олар видеоның мақсатын.

Видеода сөз алған бойжеткеннің айтуынша, олардың әкесі Үржар ауданына қызметке екі жыл бұрын тағайындалған.

"Осы уақыт аралығында ол бірнеше үлкен жетістікке қол жеткізді. Үржар аудандық ауруханасына келмей тұрып мекемеде 180 млн теңге қарыз болған. Оны жапқан, қызметкерлердің тоқтатылып тұрған екі ай төленбеген еңбекақыларын, зейнетақыларын толықтай төлеп берген. және әлі күнге дейін еш қиындықсыз төленіп келе жатыр. Осы екі жыл ішінде елдімекендердегі тозығы жеткен медициналық мекемелерге толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді", - дейді бас дәрігердің қызы.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1886198-sko-da-drigerler-bas-ktergen-auruhana-bassysyny-kyzdary-z-syndygyn-ajtty/