Елімізде әлеуметтік қызметкер мамандығына сұраныс артуда
Жарияланған күні:
Әлеуметтік қызметкер мамандығы күннен күнге ерекше сұраныс пен танымалдыққа ие болып келеді. Десе де елімізде бұл саладағы кәсіби мамандар әлі күнге дейін тапшы.
"Мәселен, 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 10 жылдан астам еңбек өтілі бар әлеуметтік қызметкерлердің үлесі - 33%-ды, 3 жылдан 10 жылға дейін өтілі барлар - 37%-ды, 3 жылға дейін өтілі барлар - 22%-ды құрап отыр. 29 жасқа дейінгі әлеуметтік қызметкерлердің үлесі - 6%, 30-40 жас - 28%, 40-50 жас - 36%, жасы 50-ден асқандар - 30%-ды құрауда. Осылайша, әлеуметтік қызметкерлердің дені жасы 30-дан асқан және айтарлықтай жұмыс тәжірибесі бар адамдар екендігі анықталды", - деп нақтылады министрлік.
Ресми анықтамаға сәйкес, әлеуметтік қызметкер қамқорлыққа алынған адамның арнаулы әлеуметтік қызметтерге (АӘҚ) қажеттілігін бағалап, анықтайды және артынша аталмыш қызмет түрін ұсынады. Ол үшін маманның "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" ҚР Заңының талаптарына сәйкес келетін біліктілігі болуы тиіс.
Әлеуметтік қызметкерлер санаттарының нақты тізімі бар. Оған АӘҚ қажеттілігін бағалау және анықтау бойынша мамандар, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультанттар, әлеуметтік жұмыс мамандары, қарттар мен мүгедектігі бар жандарға қарайласатын әлеуметтік қызметкерлер, ерекше қажеттіліктері бар балалар мен мүгедектігі бар әрі жүйке-психикалық дертке шалдыққан жасы он сегізден асқан жандарға қарайласатын әлеуметтік қызметкерлер кіреді.
Халықты әлеуметтік қорғау саласында жоғарыда аталған санаттар бойынша ауруханаларда, жартылай стационарларда, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімдерінде, уақытша тұру бөлімдерінде жұмыс жасайтын 12 400 әлеуметтік қызметкер жұмылдырылған.
Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталықтарына қарасты консультанттар мен әлеуметтік жұмыс бойынша ассистенттер қызмет етеді. Олардан бөлек, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында 6 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді.
Шамамен осынша әлеуметтік қызметкердің барлық қажетті санаттарды қамтамасыз етуде тапшылығы сезінуде. Бұл әсіресе өмірлік қиын жағдайға (ӨҚЖ) тап болған азаматтар мен отбасылар үшін өте маңызды.
ЕХӘҚМ мамандары әлеуметтік қызметкерлердің жеткіліксіздігін осы мамандық бойынша жоғары оқу орындарында бөлінетін білім гранттарының аздығымен де байланыстырады. Биылғы жылы "әлеуметтік жұмыс" мамандығы бойынша кадрларды даярлауға 127 білім гранты бөлінді. Сол арада бакалавриат деңгейінде жылына 400 грант, ал магистратура деңгейінде жылына кемінде 100 грант қажет болып отыр.
Нәтижесінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстандағы әлеуметтік қызметкерлердің 50% -ы ғана жоғары білімге ие болуда. Әлеуметтік қызметкерлердің 27% -ның орта арнаулы білімі бар, ал 22% -ында тек мектеп аттестаты бар. Әлеуметтік қызметкерлердің 0,21% -ы ғана магистр дәрежесіне ие, ал осы мамандық өкілдерінің 0,08% -ы докторлық дәрежені иеленіп отыр.
Дайындық деңгейі туралы толық ақпарат алу үшін ЕХӘҚМ алғаш рет әлеуметтік саладағы 12 мыңнан астам қазақстандық маманды тестілеуден өткізді. Ағымдағы жылдың 30 қарашасынан 5 желтоқсанына дейін емтихандарды әлеуметтік қызметкерлер, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жұмыспен қамту орталықтарының директорлары, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімдерінің басшылары тапсырады.
Олар заңнаманы және этикалық талаптарды білетіндігін көрсетіп, тәжірибелік тапсырмаларды шешеді және психологиялық тест тапсырады.
Мұндай тестілеу бүкіл ел ауқымында алғаш рет өткізіліп жатқанын ескере отырып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өту балын жинамаған адамдарға санкциялар қолданбайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886379-elimizde-leumettik-kyzmetker-mamandygyna-sranys-artuda/