Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында шаруаның 60 гектар жерге еккен соясын басқа біреулер орып алған

Опубликовано:

Cояны ору маусымы
Көрнекі фото: rbc.ru

Алматы облысы Алакөл ауданының тұрғыны 60 гектар жерге еккен соя дақылын басқа біреулердің заңсыз орып алғанын айтып күйінді. Айтуынша сояны егуге 16 миллион теңге қаражат жұмсаған. Қанат Байболатов қылмыстық істің жылы күйінде жабылып қалғанын айтып шағымданды. Ол облыстық полиция департаментінен жабулы істің көшірмесін сұратты. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаевтың азаматтармен онлайн кездесуінде белгілі болды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Облыстың бас полицейіне сауал жолдаған Қанат Байболатов есімді азамат інісінің атындағы суармалы 60 гектар жерге соя егіп, өнімінен айрылып қалғанын айтады.

Жеке шаруа тығырыққа қалай тірелгенін әңгімелеп берді.

"Менің 200 га жер пайдаланып отырғанымды біліп, үйіме өзім бұрын көрмеген оралман жігіт келді. Ол қаражаттан қысылып тұр екен, менің жеріме бірігіп егін егуге ұсыныс жасады. Мен келістім. Оралман жігіт маған Қытайдағы туысқаны жерді өңдеуге ақша жіберетінін айтты. 200 га жерді пайдалануға қолхат жазып бердім. Менің қатем осы тұста кетті. Жерді субарендаға беруге болмайтын. Ол маған 4,5 млн теңге әкеп ұстатты. Арада біраз уақыт өтті.

"Жерді өңдеуге қажет ақша келмей жатыр деп оралман жігіт әлгі берген ақшаны қайта сұрады. Маған: "сол ақшаны жарата тұрайық, Қытайдан ақша келгенде орнына қойып береміз" деп уәде берді. Жер кеуіп кетпес үшін оған да келістім. Содан жерді өңдеуге кірісіп кеттім.

Оралман жігіттің көмектесетін маңайында тірі пенде жоқ еді, бүкіл техниканы сол ақшаға жалдадым. 200 гектарға шамасы келмейтінін біліп, 100 га-дан кейін тоқтаттым. Егіннің басы-қасында өзім жүрдім. Жерді өңдеттім, тырмалап, сеуіп, түнде техниканы күзеттім. Соңында шаршадым. Қасымдағы оралман жігіт ішімдіктен қолы босамай 100 га жердің 70 га-н қуратып алды.

Сөйтіп мен інімнің атындағы жерге 60 га жерге соя салдым. Тұқым алған мекемеге қарыздан құтылу үшін егіп едім. Соңында менен жер сұрап келген оралман жігіт, Қытайдан келген туысқаны, жалдамалы бандиті бар, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарының "қолдау көрсетуімен" 60 га жерден шыққан 132 тонна сояны ұрлап кетіп отыр", - дейді Қанат Байболатов.

Шаруаның айтуынша өзіне бұйырмаған сояның құны сол кездегі бағамен 16 млн теңге.

"Мен қалай дәлелдерімді білмей жүрмін, полицияға арыздансам, менің әрекетімді белден басушылық деп бағалады. Менің қолхат жазып бергенімді бетіме басады. Мен қолхатта өз жеріме сепкен сояны меңзедім, ал мынау інімнің атындағы жерге сепкен егін.

Олардың орып алуға қандай құқысы бар? Маған аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жомарт Бекішов орылған сояны екі полицей бақылауда ұстайтынын, інімнің атындағы жерге сепкен сояны қоймаға сақтап қоятынын, тек сот арқылы сояны кімнің иемденетіні белгілі болатынын айтқан.

Егер бұлар ақша құйса, "біз ақша құйып едік, бізді алдап кетті" деп, мені сотқа берсін. Бекішев "жерді оралман жігіт орады, соя сақтауда тұрады" деп алдады. Мен сояны сақтауға қоймаға жіберген соң соттасуға дайындалдым. Қоймада соя түгіл түк те жоқ. Меніңше сол кездің өзінде өнімді өткізіп жіберген", - дейді Қанат Байболатов.

Қанат Байболатов әділдік іздеп облыстық полиция департаментінің сол кездегі бастығына арыз жазғанын айтады.

Диқанның сөзінше, облыстық полиция департаменті Алакөл ауданына істі тексеруге кісі жіберген. Алайда одан шаруаға оң нәтиже болмаған. Қанат Байболатовтың сөзіне дәлел болатын аудандық полиция бөлімінің сыртындағы бейнебақылаудың да пайдасы болмапты. Шаруа істің жабылып қалғанына таңданады. Азаматтарды онлайн қабылдау кезінде Қанат Байболатов облыстық полиция департаментінің бастығына жабылып қалған істің көшірмесін алу үшін хабарласқанын айтады.

Тоқтатылған қылмыстық іске қатысты Алматы облысы полиция департаменті жауап берді.

"Аталған факт бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 389 бабы 2 бөлігімен қылмыстық іс қозғалған.

Тергеп тексеру амалдары жүргізіліп, дәлелдемелердің болмауына және екі жақтың арасында азаматтық қарым-қатынас болуына байланысты, қылмыстық іс ҚР ҚПК 35 бабы 1 бөлігі 2 тармағымен тоқтатылған.

Жоғарыда аталған қылмыстық істі тергеп тексеру барысында, Алакөл АПБ-нің орынбасары Бекішов Жомарттың осы іске қатыстылығы анықталмаған", - деп мәлімдеді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Алматы облысы полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев азаматтарды онлайн режимде қабылдауды қолға алғанын жазған болатынбыз.

Өткен аптадағы онлайн кездесуде полиция генерал-майоры облыс көлемінде 11 айдың ішінде тіркелген қылмыс саны 35,4%-ға азайғанын мәлім етті. Дегенмен 2020 жылдың басынан Алматы облысында аса ауыр қылмыс көрсеткіші өсіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1887054-almaty-oblysynda-saruany-60-gektar-zerge-ekken-soasyn-baska-bireuler-oryp-algan/

pixel