Ешкі сүтінен пайдалы сабын жасайтын жамбылдық азамат туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Жамбыл облысындағы Көкдөнен ауылының тұрғыны Кенжебек Сейдахметов асыл тұқымды ешкі өсіріп, сабын шығарумен айналысуда деп жазады Қазақпарат.
Кәсіпкер карантин кезінде қарап жатпай, ғаламтор арқылы ешкі сүтінен не жасауға болатынын зерттегенін айтты. Сөйтіп, үш ай онлайн семинарға қатысып, сабын жасаудың әдісін үйреніп шықтым, дейді ол.
Кенжебек Сейдахметовтің сөзінше, бүлдіршіндерді қызықтыру үшін салмағы 80 грамм болатын балалар сабынын ойыншыққа ұқсатып әзірлеген.
Қазір үлкендерге арналған сабын – 700, балаларға арналған сабын 500 теңгеден сатылып жатыр екен.
Ер адам бұл кәсіпке келудің өзіндік себебі бар екенін жеткізді. Ол Алматыдағы, Тараздағы жоғары оқу орындарында сабақ бергенін, Нұр-Сұлтан қаласында лауазымды қызмет атқарғанын жасырмайды.
Кәсіпкердің айтуынша, өзі аяқ астынан ауырып, инсульт алып қалған соң, кеселінен ешкінің сүтімен емделген.
"Тәуір болған соң осы кәсіпке бет бұрдым", - дейді Кенжебек Сейдахметов.
Ол өзі тұратын Көкдөнен ауылында ешкілердің сүтіне сұраныс жоғары екенін, тіпті есігінің алдынан сатып алып кететіндер да бар екен айтып, мақтанды. Үйімнен құрт, ірімшік, сүзбе үзілмейді, дейді кәсіпкер.
Кенжебек Сейдахметов өткен жылы кәсіпкерлік палатасынан 4 миллион теңге несие алып, 20 асыл тұқымды ешкі сатып алғанын айтты.
Биыл сол ешкілер алпысқа жетті, дейді ол.
"Ешкі сүтінің өзі – ем. Ал мен оған неше түрлі пайдалы қоспа майлар қосамын. Бұл сабынды қолыңа жағып, 4-5 минуттан соң ғана жуу қажет. Бет жарылғанда жақсаң, бірден әсер етеді. Еш химиялық қоспасы жоқ. Таза табиғи өнім, бағасы да соған лайық. Осылайша ешкі сүтінен сабын жасауға қол жеткізіп отырмыз. Мемлекеттен қолдау болса, ешкі өсірумен айналысқысы келетін жастарды тәрбиелер едім", – дейді кәсіпкер.
Қазір шаруаның қорасында голландиялық "Заннин", пәкістандық "Биттал" тұқымды етті және сүтті ешкілер өсуде. Оның сөзінше, тәулігіне 25 литр сүт беретін "Биттал" тұқымды бір ешкінің құны – 1,5 мың доллар немесе 600 мың теңге шамасында тұрады.
Ал "Заннин" тәулігіне 5 литр сүт береді. Ешкі сүтінің бір литрі – 400 теңге.
Кенжебек Сейдахметов Испаниядан әкелінген асыл тұқымды ешкілері бар екенін де жасырмады. Бұл ешкінің құны – 370 мың теңге.
"Мал азығына кететін шығын көп емес. Мысалы, алпыс ешкінің алты ай қыстан шығуына 500 түк жоңышқа, 3 тонна бидай жетіп жатыр. Жылына 3-4 мәрте төлдейтін "Романский", ауғанстандық "Вагир" тұқымды қойларды да өсірудеміз. "Вагир" тұқымды екі айлық қозы 200 мың теңге тұрады. Бабы келіссе, бұл қойдың еті 145 келі тартады", – деді Көкдөнен ауылының тұрғыны.
Еске сала кетсек, осыған дейін Ақтөбеде 14 жастағы оқушы қуыршақ тоқып, айына 100 мың теңге табыс тауып отырғанын жазған едік.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында құрт сатып, зәулім үй салып алған оралдық отбасы жайлы хабарлаған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888107-eski-stinen-pajdaly-sabyn-zasajtyn-zambyldyk-azamat-turaly-ne-bilemiz/