Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында полициядан қашқан көпбалалы әке бір күннен соң өлі күйінде табылды

Опубликовано:

полицей
Көрнекі фото: sputniknews.kz

Түркістан облыстық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік қызметі ер адамның өліміне қатысты тексеріс жүргізіп жатыр. Марқұм көз жұмардан бір күн бұрын тәртіп сақшыларынан қашқан. Оқиғаның видеосы Instagram әлеуметтік желісіндегі kris.p.almaty.official тобында жарияланды деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы.

Видео кадрынан ер адамның полиция қызметкерлерінен қашып бара жатқанын байқау қиын емес.

Ролик авторының сөзінше, оқиға 2020 жылдың 23 қарашасында болған.

"Ертесінде таңғы сағат 10:00-де дәл сол қашқан жағында ер адамның денесі табылды. Содан бері 12 күн өтті. Алайда Түлкібас аудандық ішкі істер бөлімінен жауап жоқ, тиісті шаралар қабылданбай отыр. Сараптаманың нәтижесі де жоқ", - дейді жазба авторы.

Сонымен қатар ер адамның сол жақ бұғанасы, қабырғалары мен сол жақ аяғы сынғаны туралы хабарламада жазылған. Марқұмның алты баласы бар екендігі де көрсетіліпті.

Осы жағдайға қатысты түсініктеме берген Түркістан облыстық полиция департаменті қазіргі уақытта мәселенің анық-қанығы анықталып жатқанын мәлім етті.  

Ведомство дерегінше, 2020 жылдың 23 қарашасыда Түлкібас аудандық полиция бөлімі "Құқықтық тәртіп" шұғыл алдын алу шарасы аясында тексеру шараларын жүргізген.

Белгілі болғандай, Рысқұлов елдімекеніндегі көшелердің бірінде тәртіп сақшылары мас күйінде тұрған екі ер адамды байқаған. Құжат талап еткенде екеуі де қаша жөнелген.

"Құқық қорғаушылар біреуін ұстап, аудандық полиция бөлімшесіне жеткізді. Оған қатысты әкімшілік хаттама рәсімделген болатын. Ал екіншісі қашып кетті", - делінген хабарламада.

24 қараша күні кезекшілік бөліміне қашқынның мәйіті табылғаны туралы хабар түскен. Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы аттанды.  

"Мәйтті қарау кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмады. Осы факт Түлкібас аудандық полиция бөлімшесінде тіркеуге алынды. Ер адамның өліміне себеп болған жайттарды анықтау мақсатында тексеріс жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды", - дейді ведомство өкілдері.

Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін тергеушілер тиісті процессуалдық шешім қабылдайды.

Еске сала кетсек, осыған дейін жол ережесіне бағынбай полиция қызметкерлерінен қашқан шетел көлігі видеоға түсіп қалғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888136-trkistan-oblysynda-policiadan-kaskan-kpbalaly-ke-bir-knnen-so-li-tabyldy/

pixel