Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ойнасы болуға итермелеген": Танымал заңгер басшылықтан қысым көрген судьяның жанайқайын айтты

Опубликовано:

Фото
Фото: Айгүл Орынбек/Facebook

Танымал заңгер Айгүл Орынбек "сот төрағасынан қысым көріп, жыныстық қатынасқа түспегені және пара алмағаны үшін қудалауға ұшыраған судья Гүлнұр Құрманбайдың" жанайқайын халыққа жеткізді. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ заңгердің өзімен хабарласып, аталған оқиғаға қатысты мән-жайды түсіндіруді сұраған болатын.

"Маған Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы судья Гүлнұр Құрманбай хабарласып, өзінің басшылық тарапынан қудалауға ұшырағанын айтты. Атап айтқанда, аудандық сот төрағасы жалғызбасты әйелді өзінің ойнасы болуға итермелеген. Мұндай іс-әрекетке бармайтынын айтқанда оны аяқтан шалудың басқа амалдарын қарастырады.

Яғни, пара алуға шақырады. Судья Гүлнұр Құрманбай бұған да келіспей, жан жақтан қысым көбейген соң, өз еркімен бала күтіміне байланысты демалысқа шығып кетті. Ал видеодан байқаған боларсыздар, Гүлнұр ханым демалыста жүргенде оның аяқталмаған істеріне жалған түрде судьяның қолын қойып, істі заңсыз жүргізіп отырған", - дейді заңгер.

Айгүл Орынбек бұл жерде әйел құқығының аяққа тапталғанын айтып, мұндай мәселе біздің қоғамда көп екенін, тек, ашып айтуға тайсалмайтындардың аздығын алға тартады.

"Гүлнұр Құрманбай ішкі істер органында жалпы есебі 22 жыл қызмет еткен. Оның ішінде сегіз жылын судья міндетіне арнаған. Бұл жерде біздің қоғамдағы өткір әрі ауыр мәселелердің бірі жатыр. Яғни, әйел құқығы аяқасты болуда. Мені судья Гүлнұр Құрманбайдың еш қорықпастан, өз басындағы қиындықты ашып айтқаны қуантты.

Өйткені, басшылықтан, ерлер тарапынан, отбасынан қорлық көрген қаншама әйелдің өмірі өксікпен өтіп жатыр? Осы орайда, заңгер ретінде әйел құқығын қорғайтын ұйымдарды, еліміздің Бас прокуратурасын және президентімізді осы іске назар салуға, мұны аяқсыз қалдырмауға шақырамын", - дейді Айгүл Орынбек.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысында сот төрағасы тәртіптік теріс қылық үшін жұмыстан босатылған еді.

Сонымен қатар Түркістан облысы азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы жемқорлық бойынша айыпталып, бас бостандығынан айырылған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888210-ojnasy-boluga-itermelegen-tanymal-zager-bassylyktan-kysym-krgen-sudany-zanajkajyn-ajtty/

pixel