Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралда иесін ұрып-соғып, көлік ұрлап жүрген 21 жастағы жігіттер ұсталды

Жарияланған күні:

Ер адам көлік айдап бара жатыр
Көрнекі фото: pixabay.com

Оралда такси жүргізушілерін сабап, көлігін тартып алып жүрген қарақшылар ұсталды. Қылмыстық топ ұрланған көлікті Атырауда сатпақ болған жерінде қолға түсті. Күдіктілер осы уақытта қамауда отыр деп хабарлайды Астана телеарнасы.

"Мойнымнан қылғындырды. Қылғындарғаннан кейін алдағы бала соғып, екі-үш рет жұдырықтады: "Пышақ қайда?", - деп айқайлады. Мен сол кезде талып бара жатырмын есімді жинай алмай. Содан мені мыналар өлтіріп тастайтын сияқты, құтылу керек бұлардан деп ойладым. Қашқан кезде көлігімді айдап кетті", - дейді жәбірленуші Қайырбек.

Жолдан мінген жігіттердің жаналғыш жендет екенін Қайырбек кейін білген. Ауыр соққыдан есін әрең жиған ол қарақшылар ұстатпай кетеді деп те ойлаған.

"Көлігімді таба алмайтын шығар деп ойладым. Қазақстанда тіркеуде жоқ, ресейлік тіркеуде тұрған. Төрт күннің ішінде тауып берді, опер жігіттерге рақметімді айтамын. Машинамды Атырау облысынан таптық, олар жуып-тазалап, сатпақ болған ойлары болып тұр ғой. "Кешірім бермеймін, сотталсын!" деп айттым", - дейді Қайырбек.

Автобарымташыларға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Екеуі де, тепсе темір үзетін 21 жастағы жігіттер. Ұсталған кезде қылмыстық топтан суық қару және бірнеше көліктің мемлекеттік нөмері табылған.

"Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бұл азаматтар тағы да біздің Орал қаласында орын алған автокөлік ұрлығы фактісіне және шамамен 10 фактіге қатыстылығы белгілі болды. Тергеу барысында олардың қастарында болған үшінші азамат анықталды. Ол да қолға түсті", - дейді Орал қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Бисенов.

Полиция күдіктілердің өз кінәсін мойындағанын да атап өтті. Айыптары дәлелденіп жатса онда олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Телеарнаның мәліметінше, Оралда жыл басынан бері 87 көлік ұрланған. Солардың төртеуі әлі іздестіріліп жатыр. Ұрланған көліктің көбісі Ресейден әкелінген және жергілікті тіркеуге алынбаған. Тәртіп сақшыларының жұмысын осы қиындатады. Мұны білетін қарақшылар да осындай көліктерді аңдиды екен.

Еске сала кетсек, Орал қаласында денесін күйік шалған 31 жастағы әйел есін жимастан ауруханада қайтыс болғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ 17 қарашада Оралда ер адам мектеп оқушысын әкесі секілді алып кетпек болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888269-oralda-iesin-ryp-sogyp-klik-rlap-zrgen-21-zastagy-zigitter-staldy/