RU

Алматы маңында екі бала мұз астына түсіп қайтыс болды

Мұз
Фото: Алматы облысы ТЖД

Кіші Алматыда төрт және алты жасар екі бала мұз астына түсіп қайтыс болды. Олар ересектердің қарауынсыз ойнап жүрген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство ақпарынша, аталған дерек 5 қазанда Іле ауданында Түймебаев ауылында тіркелген. Өзенде ойнап жүрген 2014 жылғы және 2016 жылғы екі бала мұз астына түсіп, қайтыс болған.

Балалардың денесін туыстары шығарып алған.

"Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауды сұраймыз. Бүгінде өңірдің су арнасындағы мұз қалыңдығы адам салмағын көтере алмайды. Осыған байланысты алдын алу шараларын сақтап, қатпаған мұзға шықпауға кеңес береміз. Салқын суға түскен адам 10-15 минут ішінде тоңып, 20 минуттан кейін есінен танып қалуы мүмкін",- деді ведомствода.

Айта кетейік, мұз қалыңдығын көзбен байқауға болады. Егер мұз түсі көк болса, ол қатты, ал ақ балса қалыңдығы екі есе аз, ал сұр болса, қауіпті.

Еске салайық, Павлодар облысында бір үйір жылқы мұз астында қалды.

Өңірдің полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, 4 желтоқсанда Аққулы ауданындағы фермерлердің бірі 26 жылқысы жоғалғаны туралы полиция өкілдеріне хабарлаған. Жануарлардың қожайыны 1 желтоқсанға қараған түні Қазы ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан жайылымнан белгісіз біреулер 26 жылқы ұрлағанын жеткізіпті.

Ер адамның сөзінше, ол бірнеше күн бойы жоғалған жылқыларды өз бетінше іздеген. Тәртіп сақшылары хабарлама түсе салысымен арнайы жасақ құрып, аудандағы шекаралас аймақтардың бәрін шарлап шыққан.

Олар іздеу жұмыстарының нәтижесінде 6 желтоқсанда Қазы ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан Борлы көлінен мұздың астында сіресіп қатып қалған 26 жылқыны тауыпты.

Осыған байланысты полиция қызметкерлері малды қараусыз қалдырмау қажеттігін еске салды. Ондай кезде мал ұрлығы да болуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, құқық қорғау саласының мамандары малға ен салып отыруға кеңес берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888471-almaty-maynda-eki-bala-mz-astyna-tsip-kajtys-boldy/