Алматыда жаңа жыл қарсаңында сауда орталықтары тәулік бойы жұмыс істей ме
Жарияланған күні:
Алматыда жаңа жыл қарсаңында сауда орталықтары мен гипермаркеттерді тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауыстыру мәселесі талқыланып жатыр. Бұл туралы брифинг барысында қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин хабарлады.
"Жаңа жыл қарсаңында адамдар дүкенге ағылады. Әйелдер жағы азық-түлік алады, ер адамдар сыйлық алуға барады. Адамдар көп шоғырланады. Егер тәулік бойы жұмыс істейтін болса, асықпайды, 11-де, 12-де алып кетуге болатынын біледі. Мұның пайдалы жағы да бар. Алматыда бұл талқыланып жатыр", - деп түсіндірді ол.
Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мереке алдында астанада сауда орталықтары мен гипермаркеттер тәулік бойы жұмыс режиміне көшірілуі мүмкін деген болатын.
"Мереке күндері, әсіресе, Жаңа жылдың алдында сауда орталықтарына баратын адамдардың саны көбейеді. Қазір жұмыс уақыты шектеулі, осы "дәлізді" кеңейту үшін ірі сауда орталықтары мен гипермаркеттерді тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауыстыруды пысықтап жатырмыз", - деді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ, әкім мереке алдында локдаун енгізу туралы жоспар жоқ екенін мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетсек, Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин оңтүстік астанада коронавирустың жеңіл түрімен ауыратын және ауру белгілері жоқ тұрғындар да оқшауланатын жеткізген болатын.
Бұл туралы Бекшин орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.
Оның сөзінше, карантин талаптарының күшейтілуіне байланысты Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасы үй жағдайында инфекцияның таралуын тоқтату мақсатында нақты стационарларды айқындайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888685-almatyda-zaa-zyl-karsaynda-sauda-ortalyktary-tulik-bojy-zmys-istej-me/