Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда зорлық құрбаны болған қыздың жеке мәліметін таратқан полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Опубликовано:

Алматыда полиция жеке мәлімет таратқаны үшін тергелуде
Фото: www.kavkaz-uzel.eu

Топтасып зорлаудың құрбаны болған бойжеткеннің жеке мәліметтерін жария етуші полицейлер заң алдында жауап беретін болды. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазақстандық банктің топ менеджері мен бұрынғы прокурорды күдікті деп таныған атышулы қылмыстық іс бойынша тың дерек пайда болды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Күдіктілердің туыстары зорланған қызға психологиялық қысым жасап, ізін аңдуға көшкенін қорғаушылар бірнеше рет мәлімдеді. Қылмыстық істе тіркелген эпизодтардың бірінде зорлаушылардың бірі жәбірленуші қыздың үйіне түн жарымында басып кіріп, одан шағымды қайтарып алуды талап еткені айтылады. Жәбірленуші психотерапияға жүгінуге мәжбүр болған, өйткені күдіктілердің туыстары қорқытудан бөлек, қарғыс айтуды шығарған. Бойжеткен олардан: "Ол түрмеде өледі, обалы саған" деген сөздерді естіген. Осыған дейін күдіктілердің туыстарына қыздың мекен-жайын кім айтқаны белгісіз болып келді. Жәбірленушінің сенімді өкілі Әлия Омарованың айтуынша, күдіктілермен бетпе-бет кездесу кезінде олардың адвокатының қолынан жәбірленуші бойжеткен өзінің жеке басына тиісті мәліметтер - тегі, аты-жөні, туған күні, ЖСН, мекен-жайы, телефон нөмірі тіпті көлігінің нөміріне дейін жазылған қағазды көзі шалып қалғанын айтады. Тергеушілер бұл ақпардың адвокаттың қолына қалай түскенін түсіндірмепті.

Азаматтардың жеке басына қатысты мәліметтер заңмен қорғалады. Зорлық-зомбылықтың құрбанының жеке мәліметтерін жария етпеу жауапкершілігі оларды қорғап, сақтайтын мекемеге тиесілі.

«Іс материалдарынан белгілі болғандай бұл іске мүлде қатысы жоқ Алматы қаласы Полиция Департаментінің және Бостандық ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері ІІМ -нің Веб-интерфейсінен жәбірленушіні бірнеше рет тексерген және сол жерден оның жеке мәліметтерін алған. Оның үстіне қызметкерлердің бірі күдіктінің досы болып шыққан және кабинеттен шықпай-ақ жәбірленуші бойынша мәліметтерді айтып берген", - дейді Әлия Омарова.

Осылайша бойжеткеннің заңды құқығы мен қауіпсіздігі асыра бұзылып отыр. Құқық қорғау орындарының реакциясы адвокатты таңғалдырған. Алматы қаласы Полиция департаментінің Тергеу бөлімі аталған дерек бойынша жәбірленушінің шағымынсыз, өз бетінше материалды бөлек өндіріске шығарып, Алматы қаласы Полиция департментінің Өзіндік қауіпсіздік бөліміне жіберген. Алайда ондағылар қызметтік тексеріс өткізуден әрі аса алмаған. Тексеріс нәтижесінде полицейлердің кінәсі анықталды, бірақ оларды арада ұзақ уақыт өткеніне байланысты жауапкершілікке тартпапты.

Жәбірленушінің қорғаушылары азаматтарды онлайн қабылдау аясында Ішкі істер министріне полицияның өз қызметкерлерін қорғап, әрекет етпей отырғанын айтып сауал жолдады. Олардың өтініші жауапсыз қалмай, 2020 жылы 27 қарашада іс қайта көтеріліп, Алматы қаласы Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік бөлімі бірыңғай соталды тергеу реестрінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 362-бабына сай лауазымын асыра пайдалану бойынша тіркелді. Жәбірленушінің өкілі Жанна Уразбахованың ойынша зорлық-зомбылықтың құрбандары туралы заңмен қорғалатын ақпаратты жария еткен полицейлерге қатысты қылмыстық істің көтерілуі - үлкен жеңіс.

"Жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарының жеке мәліметтерін қорғау біз үшін маңызды. Қазір біз заңнамаға өзгерістер енгізу туралы бастаманы дайындап жатырмыз. Жыныстық зорлық көрген барша әйелдер мен қыздарға айтарымыз - зорлықшының туыстарынан қандай да бір қорқытып-үркіту әрекеттерін байқасаңыз дереу аудио, видеоға жазып алуыңызды өтінеміз. Сондай-ақ, 102 нөміріне хабарласып, өміріңізге қауіп төнгенін айтуға, полиция патрулін шақыруға құқыңыз бар",- дейді Жанна Уразбахова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888835-almatyda-zorlyk-krbany-bolgan-kyzdy-zeke-mlimetin-taratkan-policejlerdi-stinen-kylmystyk-is-kozgaldy/

pixel