Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ҰБТ туралы «аңыздар»: Сынақтағы шынайы ережелер қандай

Опубликовано:

Кітап
Фото: Ұлттық тестілеу орталығы

ҰБТ – бұл жоғары оқу орнына түсу үшін қабылдау емтиханы болып табылады. ҰБТ тақырыбы әрқашан да өзекті бола бермек, өйткені жыл сайын жүз мыңнан астам түлек осы тестілеуден өтеді. Ал 2019 жылдан бастап тестілеу жылына төрт рет өткізіліп келеді.

ҰБТ жайында жазатын мәселе аз емес. Өткізу форматы, тестілеуге тіркелу, аудиториядан шығарылу, нәтижелерді жою, тыйым салынған заттарды пайдалану және басқа да көптеген тақырыптар ҰБТ өткізу кезінде қызу талқыға түседі. Бірақ, кейде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жазылып жататын жағдайлар да кездеседі. Адамдар әлеуметтік желілерде жалған парақшалар ашып, оқырмандарды адастырып, онсыз да алаңдаған ата-аналар мен түлектер арасында шу туғызады.

Сондықтан біз ҰБТ туралы «аңыздар» үздіктерін тізбектеп шығуды жөн көрдік.

№1 АҢЫЗ. Егер түлек мектепте оқудың жаратылыстану-математикалық бағытын таңдаған болса, онда ол бейінді пәндердің комбинациясын өзгертіп, қоғамдық-гуманитарлық бағытты таңдай алмайды немесе керісінше таңдау мүмкіндігі жоқ.

Шындығында, тестіленуші ҰБТ тапсыру кезінде бейінді пәндердің кез-келген комбинациясын таңдай алады.

№2 АҢЫЗ. Егер тест тапсырушы шекті балл жинай алмай қалса, тек келесі жылы ЖОО-ға түсе алады.

Іс жүзінде ЖОО-ға күндізгі бөлімге ақылы негізде оқуға түсіп, белгіленген мерзімде келесі кезекті сынақтан өте алады.

№3 АҢЫЗ. Егер оқушы қазақ тілінде оқыса, онда ҰБТ-ны тек қазақ тілінде (немесе керісінше) тапсыра алады.

Шындығында, оқушы ҰБТ-ға өтініш берген кезде ҰБТ-ны өзі таңдаған тілде бере алады, ол қазақша, орысша немесе ағылшын тілінде болуы мүмкін.

№4 АҢЫЗ. Егер тест тапсырушы өтінішті беру кезінде тестілеудің тілін дұрыс көрсетпесе және рұқсатнамадан һтексермеген жағдайда, онда тест тапсырушы автоматты түрде аудиториядан шығарылады.

Тестілеу басталмас бұрын мемлекеттік комиссия төрағасына хабарласу қажет, егер мүмкіндік болса, оның таңдаған тест тапсыру тіліне сәйкес келетін басқа аудиториядан орын беріледі.

№5 АҢЫЗ. Егер оқуға түсуші шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламаларының тобын таңдаса, онда ол басқа білім беру бағдарламаларының топтарына қатыса алмайды.

Егер үміткер шығармашылық дайындық қажет ететін білім беру бағдарламаларының тобын таңдаса, онда ол негізгі екі пәнді (Қазақстан тарихы мен Оқу сауаттылығы) ҰБТ-да тапсырады және, сонымен қатар, ҰБТ-ның барлық бес пәнін де тапсыра алады, демек, шығармашылық дайындықты (шығармашылық емтиханды тапсыру арқылы) қажет ететін білім беру бағдарламалары топтарын немесе басқа топтарды таңдау мүмкіндігі артады.

№6 АҢЫЗ. Тест нәтижелерін өңдеу кезінде бейінді пәндердің тәртібі ескеріледі.

Бейінді пәндердің тәртібі маңызды емес. Мысалы, Физика-Математика немесе Математика-Физика. Маңыздысы – жалпы ұпай.

№7 АҢЫЗ. «Қазақ (орыс) тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламаларының тобын таңдау кезінде тапсыру тілін өзгерту мүмкін емес.

Егер оқушы орыс тілінде оқытатын мектепте оқыса және «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламаларының тобын таңдаса, онда ол «орыс тілі» тапсыру тілін таңдап, үш міндетті пәнді орыс тілінде, ал екі бейінді пәндерді қазақ тілінде тапсыра алады. Дәл сол сияқты, егер қазақ тілінде оқытатын мектепте оқыса және «Орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламаларының тобын таңдаса, онда тапсыру «қазақ» тілін таңдап, үш міндетті пәндерді, қазақ тілінде, ал екі бейінді пәндерді орыс тілінде тапсырады.

№8 АҢЫЗ. Егер түлек IELTS халықаралық емтиханын тапсырса, бірақ сертификатты алуға үлгермесе, оны ҰБТ және мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсы кезінде, сондай-ақ, жоғары оқу орнына түсу кезінде қолдана алмайды.

IELTS сертификаты ҰБТ-дан кейін алынған болса да, оны мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсы кезінде, сондай-ақ жоғары оқу орнына түсу кезінде пайдалануға болады. IELTS тапсыру ұпайы – 6,0 балл. Өту балы бар халықаралық сертификаттардың иелеріне шет тілінен максималды балл – 40 балл беріледі. Егер ҰБТ тапсыру кезінде IELTS сертификаты болса, шет тілін тапсыру-тапсырмау тест тапсырушының өз еркінде.

№9 АҢЫЗ. ЖОО-да оқу барысында шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламаларының тобын өзгертуге болмайды және оқу бағдарламасы ұнамаса да оқуды аяқтау керек.

Шындығында, ақылы негізде білім алушы қаңтар айында ҰБТ тапсырып, шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламаларының тобын өзгертіп, ақылы негізде оқуды жалғастыра алады. Егер білім алушы мемлекеттік білім беру грантында оқитын болса, оған білім беру грантынан бас тарту туралы өтініш жазып, сонымен қатар, қаңтарда ҰБТ тапсыру арқылы білім беру бағдарламаларының тобын өзгертіп, ақылы негізде оқуды жалғастыра алады.

№10 АҢЫЗ. Білім беру грантын тағайындау кезінде оқуды жоспарлап отырған ЖОО-да болуыңыз қажет.

Тіркелу кезінде оқуды жоспарлап отырған ЖОО-ның қабылдау комиссиясы бөлімінде болу міндетті емес. Кез-келген ЖОО арқылы тапсыруға болады, тіпті сол ЖОО-ны (өтініш беріп отырған) өзіңіздің өтінішіңізде көрсетпесеңіз де.

№11 АҢЫЗ. Білім беру грантын алуға өтініш берген кезде тіркеліп отырған ЖОО-ны бірінші етіп таңдау керек.

ЖОО-лардың кезектілігін өтініш беруші өзі таңдайды.

№12 АҢЫЗ. "Алтын белгi" белгiсімен марапатталған тұлғаларға ҰБТ тапсыру кезінде немесе білім беру грантын тағайындау конкурсы өткізілген кезде қосымша балл қосылады.

Балдар қосылмайды. Білім беру грантын тағайындау конкурсы өткізілген кезде, сондай-ақ, жоғары бiлiмі бар кадрларды даярлауға мемлекеттiк білім беру тапсырысы бойынша бiлiм алушылардың құрамына қабылдау кезiнде балдар саны тең болған жағдайда ғана басым құқыққа ие.

№13 АҢЫЗ. ҰБТ тапсыру кезінде немесе білім беру грантына конкурс өткізілген кезде ауыл квотасымен балл қосылады.

Балдар қосылмайды. Ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін квота көзделген білім беру бағдарламаларының топтарына арналған конкурс келесі түрде өтеді: білім беру бағдарламаларының топтары бойынша гранттардың жалпы санының 70 пайызы жалпы конкурс тәртібімен беріледі, ал гранттардың қалған 30 пайызына конкурс тек ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін өткізіледі.

Бұл біз білетін аңыздардың аз бөлігі ғана. Ақпараттарды іздеу барысында адамдар мемлекеттік және республикалық деңгейдегі ресми ақпарат көздері барына қарамастан, интернет кеңістігінде ұсынылған сайттардың барлығын тұтынады.

Бүгінгі таңда көптеген ұйымдардың жетекшілері өздерінің әлеуметтік парақшаларындағы жеке парақтарында ресми ақпаратты мейлінше кеңінен таратады, бұл маңызды нәтиже беріп, әр оқырманмен байланыс орнатуға көмектесетінін атап өткен жөн.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1888846-bt-turaly-ayzdar-synaktagy-synajy-erezeler-kandaj/

pixel