Елімізде сауда орталықтары мереке күндері қалай жұмыс істейді
Жарияланған күні:
Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ОКҚ-дағы онлайн-брифингте елімізде мереке күндері сауда және ойын-сауық орталығы қалай жұмыс істейтінін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Мереке күндері эпидемиологиялық жағдайға байланысты әр өңірдегі сауда және ойын-сауық орталықтары әртүрлі режимде жұмыс істейді. Бүгінгі таңда тек Нұр-Сұлтан қаласы "қызыл аймақта" екенін ескере отырып, ондағы жағдайға толығырақ тоқталсақ.
Жексенбі күні сауда және ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді, қалған күндері сағат 18.00-ге дейін жұмыс істейді", – дейді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова.
Алайда, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі сауда-ойын-сауық орталықтарының сағат 18.00-ге дейін жұмыс істейтіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері мен базарлар 16-18 желтоқсан аралығында сағат 23.00-ге дейін әдеттегідей жұмыс істейді, елордада сатып алушылар үшін "дәлізді тарылтпауға" шешім қабылданғаны хабарланды.
19 желтоқсан, сенбі, нысандар 20.00-ге дейін жұмыс істейді, жексенбі – жұмыс күні емес. 16-20 желтоқсан аралығында қоғамдық көліктер 23.00-ге дейін жүреді.
Айта кетейік, бұған дейін еліміздің бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов Тәуелсіздік күні мен жаңа жылға байланысты елде жеке санитарлық шектеу шараларын енгізу жоспарда жоқ екенін мәлімдеген еді.
Оның сөзінше, тек қазіргі шектеулер қалады. Ал қажеттілік туындаған жағдайда қалаларда шектеу шаралары олардың "қызыл", "сары" және "жасыл" аймақта орналасуына байланысты қабылданады.
Бас санитар дәрігер жеке мерекелік қаулы шығаруды жоспарлап отырмағанын да атап өтті.
Сондай-ақ Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада жаңа жыл қарсаңында сауда орталықтары мен гипермаркеттерді тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауыстыру мәселесі талқыланып жатқанын хабарлаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889563-elimizde-sauda-ortalyktary-mereke-knderi-kalaj-zmys-istejdi/