Ақтөбеде қоғам белсенділері Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарына құран бағыштады (фото)
Жарияланған күні:
Бүгін ақтөбеліктер Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарына құран бағыштады. Қоғам белсенділері қалалық мешітке барған. Ел Тәуелсіздігі жолында жанын құрбан еткен қазақтың ұл-қыздарының рухына тағзым етілді.
"Желтоқсан құрбандарын еске алып, құран бағыштауды жылда дәстүрге айналдырдық. Тәуелсіздігіміздің негізі желтоқсан оқиғасынан басталды. Кейін Жаңаөзен оқиғасы болды. Қайғының үстінен басып "мереке" деп кетпей, бұл күнді құран бағыштаудан бастауды дұрыс деп шештік.
Әруақты сыйлаған халықпыз. Желтоқсан жағдайын аттап кете алмаймыз. Егемендіктің жолында қаншама адам құрбан болды. Кейінгі ұрпақтан 16 желтоқсан оқиғасын ұмытпауды сұраймыз. Әлі де жүз пайыз түгенделіп болған жоқпыз. Сондықтан мемлекеттік істерге әр адам түрткі болу керек", - дейді қоғам белсендісі Әбдірайым Омаров.
Белсенділер Тәуелсіздік мерекесі күні бір жағы қуаныш болғанымен, екінші жағынан қаза тапқандарды еске алатын азалы күн ретінде қабылдайтындарын айтты.
«Қазақстанымыздың Егемендігі мәңгі баянды болсын, жүрегі "елім" деп соққан әр қазақ тәуелсіз елімізді дамыта берсін. "Өлі разы болмай, тірі байымас" деген бар. Ел үшін құрбан болғандардың жаны жаннаттық болсын", - дейді Амантай Тәжікенов.
Еске алу шарасына жиналған белсенділер ас беріп, жеті шелпектен дәм татты.
Айта кетейік, бүгін Ішкі істер министрлігінің басшысы Ерлан Тұрғымбаев қызметте көзге түскен полицейлерді марапаттады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889694-aktbede-kogam-belsendileri-zeltoksan-men-zaazen-krbandaryna-kran-bagystady-foto/