Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Енем қосылып ұратын": Күйеуінен қысым көрген келіншектің жанайқайы желіні дүр сілкінтті

Жарияланған күні:

Мадина Қалиева
Мадина Қалиева. Фото: Жеке мұрағатынан

Қарағандылық Мадина Қалиеваның әлеуметтік желідегі жанайқайы көпшілікті қапы қалдырмады. Отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болған келіншек Сымбат Құлғажарованың қайғылы оқиғасынан кейін үнсіз қалмай, көпшіліктен көмек сұрағанды жөн көрген. Бүгінде Мадинаның басындағы жағдайға еліміздегі қарапайым тұрғындармен бірге, танымал тұлғалар да мойын бұра бастады. Алдымен әлеуметтік желіде жазба қалдырған ол кейін танымал тележүргізуші Динара Сәтжанға сұхбат берді. KAZ.NUR.KZ Мадинаның өзін сөзге тартып, неліктен мұндай қадамға барғанын сұраған болатын.

"Менің тұрмыс құрғаныма бес жыл болды. Осы уақыт аралығында мен күйеуім тарапынан үлкен қысымға ұшырап келемін. Әрине, марқұм Сымбаттың басындағы жағдай сияқты тым ауыр емес шығар. Ешкім мені аңдыған жоқ. Бірақ жолдасым осы жылдар аралығында болмашы нәрселер үшін қол көтеріп, жүкті кезімде де шашымнан сүйреп, қабырғаға соғудан тайынбады.

Оның үстіне, ұлдарының мені аяусыз ұрып жатқанын көрген ата-анасы да араша түскен емес. Бес жылда дүниеге екі рет сәби әкелдім. Өкініштісі сол, үйдегі айғай-шудың салдарынан балаларымның психикасына зиян келді. Одан бөлек, жүкті кезімде күйеуімнің қол көтергені салдарынан ұлымның дамуы сәл кешеуілдегенін байқадым", - дейді ол.

Бұл Мадинаның екінші некесі. Бірінші отбасынан оның бір ұлы бар. Қазіргі жолдасы жеке сот орындаушысының көмекшісі болып қызмет еткен. Бүгінде күйеуі жұмыссыз. Ол бірінші күйеуінен алимент өндіру кезінде өзіне көмекке келіп, ұлына мейірім танытқан жігіттің сезіміне оң жауап берген.

"Бізде бәрі тез басталған сияқты. Ол бұрынғы күйеуімнен алимент өндіруге көмектескен сот орындаушысының көмекшісі болатын. Балама мейіріммен қарағаны жүрегімді жібіткен шығар. Екеуміз үйленген соң, шамамен жарты жылдан соң барлығы басталды. Мені таң қалдыратыны – болмашы нәрселерге бола шу шығарып, таяққа жығатыны еді.

Мысалы, ең алғаш рет өз ақшама шампунь мен бет жуатын сабын сатып алғаным үшін соққыға алды. Өйткені, анасы әлгі заттарды әлдеқайда арзанға алуға болатынын, менің босқа ақша шашып жүргенімді айтыпты. Содан соң, ұлымның ауырып қалғанына да тікелей мені кінәлайтын.

Мамыр айында балам пневмонияға шалдығып, ауруханаға түстік. Сол кезде де баланы суықта ұстадың деп бар өшін менен алатын. Жаздың кезінде қай жақтың суығы? Мұны түсіндіре алмадым.

Негізі, жүкті кезімде мені жиі қылғындыратын болған соң, ішімдегі баланың да аздап өзгеріске ұшырайтынын білгем. Қазір үлкен ұлымыздың дамуы сәл кешеуілдеп келеді. Мен бұған күйеуімнің жүкті кезімде де, баланың көзінше де мені ұрып-соққаны себеп деп білемін.

Өйткені, ұлым қатты дауыстардан қорқады, домофон шырылдаса да есіктің артына тығылып қалады. Оны емдету үшін де ұзақ күтуге тура келді. Өйткені, баланы невропотолог алдына апару үшін оның анасының рұқсаты керек болды", - дейді ол.

Мадинаның анасы 2007 жылы көз жұмған. Бүгінде оның әкесі мен туған ағасы бар. Ол бірнеше рет балаларды алып, үйіне кетіп қалғанымен, күйеуі артынан қуып келіп, ұлын алып кеткенін айтады.

"Осы уақыт аралығында мен біздің заңды құжаттарымыздың түпнұсқасын ұстаған емеспін. Неке туралы куәлікті де, балаларымыздың туу туралы куәлігін де тығып қояды. Егер бермесем, менен тартып алады. Телефонымды тартып алу бұл қалыпты нәрсе. Жолдасым балаларына жақсы әке, ата-анасына жақсы ұл шығар, бірақ жақсы жар деп айта алмаймын. Иә, ол қызуқанды, тез ашуланады. Таңертең ұйқыдан тұрғанда онымен сөйлесу мүмкін емес, өйткені, ол күн сайын таңын балағат сөздермен атырады.

Ең соңғы рет 17 қарашада үйден кетіп қалдым. Негізі, бұлай жоспарлаған емеспін. Бірақ сол күні таңертең ванна бөлмесінің алдында горшоктың төгілмей тұрғаны үшін шашымнан сүйреді.

Осы кезде шыдамымның таусылғанын білдім. Сол күні үйден кетіп қалдым. Үлкен ұлым өзіммен бірге, ал екі сәбиімді қалдырып кеттім. Өйткені, ол бәрібір соңымнан келіп, алып кететін еді. Сол себепті, соттың шешімімен қайтарып аламын деп шештім. Бүгін балаларымды көрмегеніме тура бір ай болды. Осы уақыт аралығында жүрегімнің қалай езілгені бір құдайға аян", - дейді ол.

Мадина Қалиева соңғы төрт жылда күйеуімен бір бөлмеде ұйықтамағанын да жасырған жоқ. Бірге ұйықтауына енесі де, күйеуі де қарсы болған.

"Ерлі-зайыптылар секілді бір бөлмеде ұйықтауды да қойдық. Соңғы төрт жылда екеуміз екі бөлек жататынбыз. Алдымен енем ұлының шаршайтынын, ертеңіне жұмысқа баратынын айтып, оның дұрыстап демалуы қажеттігін миыма сіңірумен болды. Сол себепті, ол екеуміздің екі жақта жатқанымызды қалады. Күйеуім де осындай пікірде еді. Мысалы, мен нәзік жанды әйел ретінде жолдасымнан жылу көрген емеспін. Күн қалай өтті, қандай қызықтар болды деген екеуара әңгіме мүлде болмайтын. Осылай сұрай бастасам, ол дереу ашуланып, бәрін шорт кесетін. Осыдан-ақ, бәрін бағамдай беріңіздер", - дейді ол.

Бүгінде Мадина күйеуінен ажырасу үшін сотқа арыз берген. Әзірге сот арқылы екі рет кездесу өткен. Ол күйеуінің бұл салада өзін судағы балықтай сезінетінін, қатты дайындық үстінде екенін көрген соң көпшіліктен көмек сұрауға бел буған.

"Менің анамның жоқтығын, көмекке келетін қолы ұзын таныстарымның жоқтығын айтып, үнемі бетіме басатын. Бірде мені екіқабат кезімде қатты ұрды. Сол сәтте қорғану үшін оны аяқтарыммен тепкілей бастадым. Диванның үстінде құлап жатып, ішімдегі балаға зиян келмесін деп, барынша қорғанған түрім еді. Сол кезде анасы ұлыма аяқ көтердің деп, мені күйеуіммен бірге қосылып ұрды.

Одан бөлек, осы уақыт аралығында әйелі мен күйеуі болып бірге қыдырып, тойға не асқа барып көрмеппіз. Үйде күнде көріп жүргенім осы жағдай. Сол себепті, ажырасамын деп шештім. Бірақ соттағы кездесуде оның дайындығы мықты екенін білдім. Ол бұл салада жұмыс істеген маман, сондықтан, одан қорқуға болады.

Менің бір ғана тілегім бар – балаларыммен бірге болғым келеді. Сот шешімімен ажырасып, балаларымды өзімде алып қалсам, басқа арманым жоқ. Осы орайда, құзырлы органдардың менің басымдағы жағдайға атүсті қарамауын сұраймын. Отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің үнін ешкім естімей қалмаса екен. Маған балаларыммен тезірек қауышуға көмектесіңіздер", - дейді Мадина Қалиева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889748-enem-kosylyp-ratyn-kjeuinen-kysym-krgen-kelinsekti-zanajkajy-zelini-dr-silkintti/