Нұр-Сұлтан коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақтан шықты
Жарияланған күні:
Нұр-Сұлтан коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақтан шықты. Мұндай мәлімет Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық денсаулық сақтау орталығының сайтында жарияланған Қазақстан аймақтарындағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасының деректерінде жария етілді.
18 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан коронавирустың таралуы тұрғысынан "қызыл" аймақтан шықты. Елорда бірден "жасыл" аймаққа тап болды. Бұл қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтанғанын көрсетеді.
Еске салсақ, Нұр-Сұлтан 10 желтоқсаннан бастап "қызыл" аймаққа енген еді. Бүгін, 18 желтоқсанда "қызыл" аймақта тек Атырау облысы бар. "Сары" аймаққа Павлодар, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары енген.
Барлық басқа аймақтар, соның ішінде Алматы, COVID-19 дертінің таралу жылдамдығы бойынша "жасыл" аймақта.
Ал Атырау облысы коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша "қызыл аймаққа" жақында ғана енген.
Одан бөлек, Қазақстанда өткен тәулікте қанша адам коронавирус дертін жұқтырып алғаны жария болған еді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде 690 адамның коронавирус дертін жұқтырғаны ПТР арқылы расталған.
Аймақтар бойынша дертті жұқтырғандардың саны да көпшілік назарына ұсынылды. Деректерге сенсек, Нұр-Сұлтан қаласында 54, Алматы қаласында 66, Шымкент қаласында 2 адам дертті жұқтырып отыр. Ал еліміздің өзге аймақтары бойынша дерт жұқтырғандардың ең жоғары көрсеткіші Павлодар облысына тиесілі болып отыр. Өңірде тәулік ішінде 98 адамға дерт жұққан.
Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 145213 адамды құрап отыр. Ал 561 адам өткен тәулікте коронавирус дертінен емделіп шыққан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889811-nur-sltan-koronavirusty-taraluy-bojynsa-kyzyl-ajmaktan-sykty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.