Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылық фельдшер қыз жаздағы індет өршіген кезеңді жылап еске алды

Опубликовано:

Алматылық жедел жәрдем қызметі
Анар Анарбек, Алматы қаласы №2 бекеттің фельдшері. Фото: Жеке мұрағаттан

2020 жыл әлем халқына оңай тиген жоқ. Әсіресе көзге көрінбейтін "жаумен" алысқан ақ халатты жандарға ауыр жағдайда қызмет етуге тура келді. Пандемияның өршіген тұсында жедел жәрдемнің медицина қызметкерлері алдыңғы шепте жүрді. Жазда коронавирус асқынған кезеңді Алматы жедел жәрдем фельдшері Анар Анарбек мұңая еске алады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында ол вирус өршіген кезде жұмыста қандай жағдаймен бетпе-бет келгенін әңгімелеп берді.

Биыл, сөзсіз, медицина мамандары ерлік көрсетті. Сіздер, коронавирус салдарынан болған өлім-жітімді де, қатты ауырып аман қалғандарды да көрдіңіздер. 2020 жыл несімен есте қалды сіз үшін?

2020 жыл бәрімізге оңай болмады. Өйткені осындай пандемияның құрсауында қалдық. Өзім жас маман ретінде бірінші рет ауқымды өлім-жітімнің куәсі болдым. Стационарларға, модульді ауруханаға жағдайы ауыр науқасты апару барысында арғы есік жақтан өлген адамдарды шығарып жатты. Өте қиын болды, шынын айту керек.

Пандемияның өршіген тұсында қалай қорғанып жүрдіңіздер? Жұмыстарыңыз қиындай түскен шығар?

Біз екінші қатардағы медицина маманы болсақ та, инфекционист-дәрігерлер сияқты жұмыс істедік. Обаға қарсы костюм кидік. Оның екі түрлісі болады: бірнеше рет киетін және бір реттік костюм. Ешқайсысымыз мұндай пандемияны күтпедік қой. Сондықтан бас кезінде костюмдер бәрімізге жетпеді, оны санитар қызметшілер жуатын. Ол кеппей қалып, сосын күнделікті үтіктеп киіп, науқастарға шығатынбыз.

Кейбір кезде жаңағы костюмдеріміз денемізде әлі дымқыл болып тұратын. Бірақ амал жоқ, бәрібір киетінбіз. Егер де біз тасымалдаған науқастың ПТР тесті оң нәтиже көрсетсе, міндетті түрде жедел жәрдем қызметінің көліктері арнайы орында жуылып, дезинфекцияланады. Әр науқастан кейін медицина қызметкерлері лас киімдерді тастап, жаңа киімдерді киіп кетеді.

Бетперде вирустан қорғайды дегенге сенесіз бе?

Сенемін, қорғайды. Мысалы қазір халық бетпердені пандемия басталғалы бері ғана киіп жүр, ал біз оны бұрыннан тағамыз. Осыған дейін қызылша сияқты ауру түрлерін неше түрлі ауа-тамшылы жолмен жұқтырған науқастармен қатынаста болдық. Бетперде шынында да қорғайды. Өйткені ауруды ең бірінші жұқтыратын адамдар біз ғой.

Алматылық жедел жәрдем қызметі
Анар Анарбек әріптесімен. Фото: Жеке мұрағаттан

Короновирус жұқтырып алудан қорқасыз ба?

Әрине қорқамын, біз жұмыста жүріп екі рет карантинге түстік. Жанымызда жұмыс істейтін дәрігерлер науқастың тесті оң нәтиже бергенін білген жоқ. Тек олар барып келгеннен кейін науқаста ПТР тест оң нәтиже көрсеткенін айтқан. Басқа ауысымға тарап кетпесін деп, карантинге біздің ауысымда істейтін дәрігер, фельдшерлерді түгел жапты. Сол кезде басқа ауысымдағылар біздің орнымызға жұмыс істеп, қиын күндерді бастан кешірді. Мен әлі жаспын ғой, басқа фельдшер, дәрігерлер отбасылы болғаннан кейін күйеуіне, әйеліне, балаларына жұқтырамыз ба деп қорықты. Облыс аумағында тұратындары қалада қалып, жұмыста өмір сүрген уақыттары да болды.

Медицинаны өзіміз адамдарға көмектесу үшін таңдадық қой. Ешкім бізді мәжбүрлеген жоқ, сондықтан осы мақсатты бірінші орынға қойып, бүкіл ережені сақтап, бетперде тағып, қолды бірнеше рет жуып жұмыс істедік. Бізден жиі қол жуып, маска ауыстырған адам жоқ шығар (күледі). Кәдімгідей қорғандық. Өйткені біз бәрібір де инфекционистермен бір қатарда жүрдік. Қайта олар (инфекционистер) кімде оң нәтиже барын біліп отырады. Ал біз қандай науқасқа бара жатқанымызды білмейміз де. Сондықтан біз вируспен соғыста алғы шепте болдық.

Айтпай кетуге болмас, біздің №2 бекеттің көлік жүргізушісі тура індет өршіген кезде осы коронавирустан қайтыс болды. Өзі қант диабетімен ауыратын еді, гипертензиясы болатын. Жүрегінің жарықшағы бар қызын емдетем деп жұмысқа шығып жүрді. Артынша ауырып ауруханаға түсті, одан шыққан соң көз жұмды.

Жұмыста коронвирусқа сенетін де, сенбейтін адамдар болды. Біреу пандемияны қолдан жасалған дейді, біреу шын дейді. Бірақ осы кісінің өлімінен кейін бәрі сене бастады.

Вирустың барына сенбейтін достарыма: "Біздің жұмысқа бір күн келіп көрсең 100 пайыз сенесің", - деймін. Өзіміз індет өршіп тұрғанда бір науқастан шығып, жылап-жылап алып, келесі науқасқа баратынбыз.

Пандемияның өршіген тұсында есіңізде қалған жайттарды айтып бере аласыз ба?

Иә, мен ол уақытта дәрігерлік бригадада жүрдім. Бізге ауыр науқастар кезікті. Сатурациясы 26-28 пайызға түсіп кеткен науқастарды көрдім. Өте қиын болды. Оның жағдайын айтып, аға дәрігерге хабарласатынбыз. Өйткені олар қай ауруханада бос орын бар екенін біліп отырады. Науқасты айтқан ауруханаға апарсақ, орын жоқ болып шықты.

Ал біз әкелген науқастың жағдайы ауыр болды, жансақтау бөліміне жатқызылуы тиіс еді. Ешқайда жатқыза алмадық. Қалада орын табылмады. Модульді провизорға апарсақ, олар да қабылдамады. Амал жоқтан қаланы айналып, үйіне қайтадан апарып тастадық. Сосын науқасқа хабарласып, жағдайын сұрап тұрдық. Орын босағанын біле сала, жағдайы ауыр науқастарға жедел жәрдем шақыруын ескертіп отырдық. Оларға "Қазір келеміз, алып кетеміз" деп үміт беретінбіз. Өзіміз де адам баласымыз ғой, жағдай қиын болды.

Пандемия кезінде сіздерге деген халықтың көзқарасы өзгерді ме?

Пандемияға дейін бізге кәдімгі ортаңқол медицина қызметкері ретінде ғана қарайтын. Ұрысып, айғайласып, жаға жыртысатын жағдайларға дейін жететін кездер болған. Пандемия кезінде шыны керек халық бізге құдай ретінде қарады ғой. Өздері "Соңғы үмітім сіздерде" деп жалынатын болды. Өйткені бізден басқа ешқандай көмек жоқ екенін түсінді. Емхана дәрігерлері үйге келмеді. Тек қашықтан емдейтін. Оларға науқасқа келуге рұқсат етілген жоқ. Науқастармен қарым-қатынаста болған тек жедел жәрдемдегі медицина қызметкерлері болдық.

Ата-анаңыз сол кезде жұмыстан шығып кетуіңізді талап етті ме?

Иә, әрине айтты, қорқады ғой енді. Өздеріне де жұғып кетуі мүмкін. Мен жұмысқа күнделікті үйден барып-келіп жүрдім. Үйге қайтар алдында, жұмыс біткеннен кейін, әр ауысым сайын душ қабылдап, тазаланып алатынмын. Қыркүйекте бізде вирус жұқтырғандар саны азая бастады. Соған дейін тамағымыз бен мұрнымызды шайып жүрдік.

Алматылық жедел жәрдем қызметі
Анар Анарбек әріптесімен. Фото: Жеке мұрағаттан

Індет өршіген жаз айларында жедел жәрдемді негізсіз шақырған тұрғындар болды ма?

Жедел жәрдем көмегі қажет емес кезде шақырған жағдайлар болды. Көбінесе, жастар, ер адамдар, қорыққаннан өзінен аурудың белігелерін байқайды. Ентікпесі бар секілді, қорыққаннан дене қызуы кішкене көтеріліп кетуі мүмкін. Жерге жатып алып, "менде коронавирус, мені апарыңдар деп" жылағандарды да көрдім. Ондайда психологиялық көмек көрсетіп, науқаспен сөйлесіп, ауруханаға бару қажет еместігін айтып, демеу береміз. Көбінесе қатты қорқатын ер адамдар екен.

Коронавирус адамзатқа не үйретті деп ойлайсыз?

Біріншіден, пандемия адамдарға жеке гигиенаны сақтауды үйретті. Мысалы көп адам даладан келгенде жай ғана қол жууды қажет деп таппайтын. Ал қазір жұрт вирустан қорқып қолын күніне бірнеше рет жуа бастады. Дүкенге барып келсе де, қоқыс тастап келсе де қол жуады. Бетперде тағып, арақашықтық сақтай бастады. Бұрын ондай болмайтын. Одан басқа, айтарым, меніңше, бұл індеттің таралуының астарында адамзатты сұрыптау да бар шығар. Өйткені көз жұмған адамдардың көбісі 60-тан асқан және созылмалы аурулары бар жандар.

Вирус қайта өршісе халық оған дайын ба?

Бізде ең бірінші ауру асқынған кезде ешкім дайын болған жоқ. Ал қазір менің бір байқағаным, бұрында қарашадан бастап бізде қоңырау саны артып кететін. Әдетте күніне 20-22 қоңырау түссе, қыстан бастап бір ауысымда 30-40-қа дейін болатын. Көбінесе бізді тұмау, ішек инфекциясы сияқты жұқпалы аурулардың белгілері бар науқастар шақырады. Ал қазір жұмыста ондай жүктеме жоқ. Сол қалпынша тәулігіне 20-22 қоңырау түседі.

Өйткені науқастар жайдан жай жедел жәрдем шақыруға болмайтынын түсінді деп ойлаймын. Қарапайым жөтел басталса үй жағдайында ауруды асқындырмауға тырысып, қолынан келген ем-домын жасап алады. Халық салауатты өмір сүрудің маңызын түсінді. Спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтана бастады.

Әңгімеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889930-almatylyk-feldser-kyz-zazdagy-indet-rsigen-kezedi-zylap-eske-aldy/

pixel