АИТВ-инфекциясының қалай алдын алуға болады?
Жарияланған күні:
АИТВ-жұқпасы - адамның иммунитет тапшылығы вирусының лимфоциттерде, макрофагтарда және жүйке тінінің жасушаларында ұзақ жылдар сақталуының нәтижесінде дамитын, иммундық жүйені зақымдайтын жұқпалы ауру.
АИТВ инфекциясының өзіне тән шағымдары жоқ. Ауру біртіндеп басталады. Алғашқы уақытта ауру тұмауға ұқсас белгілерден басталуы мүмкін, сонымен бірге дене қызуының көтерілуі, лимфа түйіндерінің ұлғаюы мүмкін.
АИТВ-инфекциясының 4 клиникалық сатысы бар, бастапқы екі сатысы симптомсыз ағыммен және ұзақ сақталатын лимфоаденопатиямен сиппатталса, 3-4 сатыда басқа да әртүрлі симптомдар мен синдромдар асқына бастайды, соның ішінде тыныс алу жолдарының созылмалы инфекциялары, әр-түрлі дерматиттер, ауыр бактериялдық инфекциялар, герпес, пневмония, туберкулез, Капоши саркомасы және басқалары.
Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырудың негізгі жолдары – бұл мүшеқапсыз жыныстық қатынас, инъекциялық есірткіні пайдалану кезінде (есірткіні тұтынушылар арасында таралған) стерильді емес құралдарды ортақ пайдалану және АИТВ жұқтырған анадан балаға (жүктілік уақытында, босану кезінде және емізу кезінде ана сүті арқылы жұғуы мүмкін).
Жұқтырудың басқа жолдары жоқ, сондықтан АИТВ-ны ауа-тамшылы жолы арқылы, қол алысу кезінде, ортақ ыдысты пайдалануда, бассейнде, саунада, жәндіктердің шағуы кезінде, тамақ, жемістер арқылы жұқтыру мүмкін емес. Вирус қоршаған ортада тұрақсыз болғандықтан, ол адам ағзасынан тыс жерде өмір сүре алмайды.
АИТВ-ны емдеу мәселесінде заманауи медицина алға жылжып, өз жетістіктерімен қуантады. Осылайша, қазір АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған тиімділігі жоғары дәрілік препараттар қолданылуда.
Олар антиретровирустік деп аталады, вирусты ағзадан толық шығармаса да, дегенмен, бұл дәрі-дәрмектер адам ағзасының қанындағы вирустың көбеюін тежейді және АИТВ-ның асқынуына кедергі келтіреді. Емдеудің арқасында вирус анықталмайтын деңгейге жеткен науқастардың жалпы өмір сапасы жоғарылап, қосымша аурулар мен өлім көрсеткіші төмендейді, және де тиімді емнің нәтижесінде науқастар инфекцияны басқаларға жұқтыра алмайды.
Сондықтан, АИТВ инфекциясы анықталған жағдайда тез арада дәрігердің қабылдауында болып, арнайы ем алуды бастаған дұрыс.
Соңғы жылдары АИТВ инфекциясының көп жағдайда жыныстық жолмен таралуына байланысты, АИТВ жұқтыру мүмкіншілігін ешкім жоққа шығара алмайды, сондықтан репродуктивті жастағы азаматтар әлеуетті қауіп аймағында тұр.
Вирусты жұқтыруға АИТВ жұқтырған адаммен бір ғана жыныстық қатынаста болу жеткілікті. Сондықтан – кездейсоқ және ерте некесіз жыныстық қатынастардан аулақ болыңыздар, АИТВ-мәртебесі туралы сізге белгілі болған бір жыныстық серіктеске адалдықты сақтаңыздар, егер серіктесіңіздің АИТВ-мәртебесі туралы білмесеңіздер, жыныстық қатынаста мүшеқапты пайдаланып, үнемі АИТВ-ға тестілеуден өтіп тұрғандарыңыз абзал. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың болуы АИТВ жұқтыру қаупін 2-3 есеге арттырады, осыған орай мұндай ауруларды уақтылы емдеу АИТВ-ның алдын алу болып табылады.
Жүкті әйелдер жүктілік кезінде міндетті түрде екі рет АИТВ-ға тестілеуден өтуі керек, АИТВ анықталған жағдайда, әйелге жүктіліктің 14 аптасынан бастап АИТВ-ның алдын алуға арналған ретровирусқа қарсы дәрі-дәрмектер тағайындалады, балаға жұғу қаупін азайту үшін әйелге кесар тілігі әдісімен босандыру ұсынылады, емшек сүтінде вирустың болуына байланысты, бала туғаннан кейін жасанды тамақтануға ауыстырылады.
Жоғарыда айтылғанның негізінде, АИТВ-инфекциясының берілуі мен алдын алу шараларын біле отырып, ауруды жұқтырудан өзіңізді қорғауға болады.
Нұр-Сұлтан қаласы ЖИТС-тың
алдын алу және оған қарсы күрес орталығы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889984-aitv-infekciasyny-kalaj-aldyn-aluga-bolady/