RU

Ұлыбританияда биыл Рождество тойланбайтын болды

Рождество1
Көрнекі фото: pixabay.com

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон жаңа шектеулер туралы мәлімде жасады. Жаңа ережелерге сәйкес халыққа екі апта бойы еркін жүріп-тұруға рұқсат жоқ деп хабарлайды Хабар24.

Ұлыбританияда коронавирустық шектеулердің төртінші деңгейіне сәйкес дәріхана және азық-түлік дүкендерінен басқа сауда орындары, жабық жаттығу залдары жұмыс істемейді.

Халыққа ғимарат ішінде кездесуге, шетелге шығуға рұқсат етілмейді. Отбасылық мереке саналатын Рождество тойланбайды.

"Вирустың жаңа түрі тудыруы мүмкін қауіпке байланысты бұған дейін жоспарлағанымыздай Рождествоны еркін тойлай алмайтындығымызды хабарлағым келеді. Жаңа шектеулер жарияланған аймақтардың тұрғындары мереке күндері өз отбасы мүшелерінен басқаларымен араласпауы керек", - дейді Борис Джонсон.

Айта кету керек, Ұлыбританияда вирустың жаңа штаммының адамдар арасында 70%-ға тез тарайтындығы белгілі болып отыр. Бірақ қауіптілігі жағынан бұрынғы түрінен еш ерекшеленбейді.

Қазіргі таңда Ұлыбритания коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша Еуропада Италиядан кейін екінші орында тұр.

Телеарнаның мәліметінше, вирус жұқтырғандар күрт көбейіп, медицина қызметкерлерінің күші жетпей жатыр. Өткен аптаның өзінде ауруханалардағы науқастардың саны 18,5 мың болған. Бұл пандемияның алғашқы толқынындағы цифрлардан сәл ғана төмен.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штаммы тез таралып жатқанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ COVID-19-дың антиденелерге қарсы тұра алатын мутацияға ұшыраған түрі анықталғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890054-lybritaniada-biyl-rozdestvo-tojlanbajtyn-boldy/