Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бес адам қайтыс болған Павлодардағы жол апаты туралы жаңа дерек шықты

Жарияланған күні:

жедел жәрдем
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

19 желтоқсанда Павлодар-Қызылорда тас жолында болған жаппай жол апатынан бес адам қайтыс болды. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы марқұмдар туралы ақпарат берді деп жазады Sputnik Қазақстан.

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиеваның сөзінше, жол апатынан үш ер адам, бір әйел мен бала қайтыс болған.

"Шамамен 35, 40 және 45 жастағы үш ер адамның, 40 жастағы әйелдің және бес жасар ер баланың биологиялық өлімі тіркелді", - дейді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.

Жаппай жол апаты салдарынан жарақат алған тағы бір әйел ауруханаға жатқызылған.  

"Науқас 1986 жылы туған. Оған жабық бас сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, маңдай аймағының соғылған жарасы, кеуденің соғылуы диагнозы қойылды. Сонымен қатар науқастың жамбасы сынған. Зардап шегуші Екібастұз қалалық ауруханасының травматология бөлімінде жатыр", - дейді Темірғалиева.

Еске сала кетсек, 19 желтоқсанда Павлодар-Қызылорда тас жолындағы қолайсыз ауа райы салдарынан Subaru Outback, Lada Granta және Тоyоtа Cаmry көліктері соқтығысқан еді.

Жол апаты салдарынан жүргізуші, үш жолаушы мен кішкентай бала көз жұмғаны хабарланды. Олардың барлығы Lada Granta көлігінде болған.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерге қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауды, сондай-ақ тас жолдағы жағдай туралы хабарламаларға назар аудару керектігін ескертті.

Айта кетейік, елордада бағдаршамның жасыл түсі жанғанда жолдан өтпек болған қызды көлік қағып кеткенін жазған едік.

19 жастағы астаналық ару оқиға орнында көз жұмған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890114-bes-adam-kajtys-bolgan-pavlodardagy-zol-apaty-turaly-zaa-derek-sykty/