Павлодарлық тұрғын өзінің перзентханада ауысып кеткенін 35 жылдан кейін білген
Жарияланған күні:
Павлодарлық тұрғын өзінің перзентханада ауысып кеткенін 35 жылдан кейін білген. Оның туған ата-анасы да өзгенің ұлын тәрбиелеп қатарға қосқан деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Ғажайып оқиға Железин ауданында болған. 1985 жылы перзентханада Ержан, Нариман атты қос ұл дүниеге келеді.
Ол кезде баланы туа сала басқа бөлмеге алып кететін айтқан Күлтай Хамитова ұлының бет-әлпетін есіне сақтап үлгермегенін жеткізді.
Емізуге әкелген кезде де бөтен бала екеніне еш күмән келтірмеген.
"Ол перзентханада бірге жатқанымызды білетінін айтты. Менен жасы үлкендеу. Оның да бірінші баласы. Біз Нариманды үнемі менің үлкен ағама ұқсататынбыз. Жүріс-тұрысы, дене бітімі қатты ұқсайтын. Бұл оқиға бәрімізге ауыр соққы болды. ДНК зерттеу жасатудың да керегі жоқ. Күйеуі мен кіші ұлынан аумайды", - деді Күлтай Хамитова.
Оның сөзінше, ұл балалардың биологиялық әке-шешелеріне ұқсастығы 15 жыл бұрын жұрт назарын аудартқан. Ол уақытта екі ана бір ұжымда қызмет етіпті.
Бірге ойнап жүрген балаларды көрген әріптестері Нариманның туған әкесі Ержанға ұқсайтынын, ал Ержан Нариманның әкесінен аумай қалғанын аңғарған. Бірақ ол кездегі күдік әзілден ары аспаған.
Ақиқат осы жылдың жылдың көктемінде ғана ашылған. Бұл мәселемен Нариман Хамитовтың өзі айналысыпты.
"Біз суреттерімізді салыстырып қарадық. Оның жас кезі менің қазіргі түріме сәйкес келеді. Жасы да осы менің жасым шамалас. Сондықтан ДНК тест жасаттық. Нәтижесі бойынша мені туған әкем емес, басқа адамның тәрбиелеп өсіргені анықталды", - дейді Нариман.
Нариманның туған әкесіне сырт келбеті ғана емес, мінезі, тіпті қабілеттері де тартқан. Оны ұлындай өсірген Өмірбай Хамитов та өзінің биологиялық ұлын көргенде қатты таңғалғанын айтады.
"Кіші ұлым екеуі қатты ұқсайды. Бойы мен дене бітімі маған тартыпты. Біздің отбасымыз темірмен жұмыс істегенді ұнатады. Ол да техникалық көлік жөндеу орталығында жұмыс істейді. Мен сияқты сурет салады", - дейді Өмірбай Хамитов.
Олар бар шындықты білгеннен кейін әділдікке жетуге бел буғандарын жеткізді. Алдымен полицияға шағым түсіргендерін, алайда уақыттың өтіп кетуіне орай іс қозғалмағанын атап өтті.
Екі отбасы өкілдерінің сөзінше, соттан да қайыр болмаған.
Дәрігерлердің қателігінен зардап шеккен олар енді сотқа аппеляциялық шағым жасап, кінәлілерді табуды көздеп отырғанын жеткізді. Жауаптылар табылса материалдық шығынды өндіріп алмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890141-pavlodarlyk-trgyn-zini-perzenthanada-auysyp-ketkenin-35-zyldan-kejin-bilgen/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.