Теміртаулық мұғалім тұрғындарды қолөнерге баулиды
Жарияланған күні:
Әр кез қолөнерге бір табан жақын болған теміртаулық Меруерт Мусаева жастайынан бос уақытында моншақтардан тізіп, түрлі бұйымдар жасауды ермек еткен. Бүгінде бұл хоббиі кәсіби іске айналды. Жас маман өз идеясын Zhas Project бағдарламасына ұсынып, оны іске асыруға 1 миллион теңгеге жуық грант ұтып алған.
Меруерт мамандығы бойынша мұғалім. «География» бакалаврі, «Педагог-психолог» магистрі ғылыми дәрежелері бар. Бірақ әлемді жайлаған пандемия салдарынан балабақшалардың жабылуына байланысты жұмыстан шығып, үйде бала қарауға мәжбүр болған.
Бірде Меруерт «Менің қолымнан не келеді?», «Қандай өнерім бар?», «Немен бөлісе аламын?», «Оны кімдерге арнаймын?» деп ойға шомады. Сөйтіп, жастайынан бос уақытында өзі ұнатып айналысқан қолөнерге біржола бет бұрады.
«Бірге үйренейік» handmade үйірмесін ашу идеясы осылай пайда болды. Жобаның мақсаты – тек үйрету емес, бірге атсалысып, ізденіп, үйрену. Жобаға ат қояр алдында, мен ойлана келе, заманға сай болсын деп, атауына шетел тілінен алынған сөзді қостым. Жалпы «handmade» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «өз қолымен жасалған» деген мағынаны береді, яғни біздің үйірмемізде қатысушылар өз қолдарымен түрлі бұйымдарды жасауды үйренеді. Қазіргі таңда «handmade» өнімдері үлкен сұранысқа ие, сондықтан бұл бағыт жастарымызға қызықты әрі қажет болар деп ойладым», - деп бөлісті Меруерт.
Жас маман жобаны қолға алмас бұрын, нарыққа талдау жүргізген. Интернет желісінен қаладағы қолөнер үйірмелерінің жұмыстарымен танысқан. Ал жеке ісін бастап кеткенде, әр түрлі жастағы қыз балалардың аналары қызығушылық танытып, жобаның әлеуметтік желідегі парақшасына көптеп хабарласқан. Бұл Теміртау қаласында қолөнер үйірмесінің қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетті.
«Командаға ісмер қыздарды шақыруға ұйғардым. Сөйтіп, өз студенттеріммен байланысқа шықтым. Қаладағы көпсалалы Теміртау колледжінде екі жыл жұмыс істегенмін. Жетекшілік еткен тобымнан Нұрдаулетова Нұрзила мен Баатархан Данагүлге ұсыныс жасадым. Қазір олар Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің екінші курс студенттері», - дейді Zhas Project жобасына қатысушы өз командасы жайлы айта отырып.
Ең алдымен олар Zhas Project-тің ұйымдастыруымен онлайн оқытудан өтіп, дұрыс жұмыс жоспарын құру, командамен жұмыс істеу сияқты жобаны сәтті жүзеге асырудың қыр-сырларымен, сондай-ақ кәсіпкерлікте қажетті басқа да дағдылармен танысып, оларды тәжірибе жүзінде қалай пайдалану керектігін үйренді. Содан кейін бір кабинетті жалға алып, фурнитура, құрал-саймандар сатып алды. Қыздар қолөнер бұйымдарын жасау үшін негізінен моншақтарды пайдаланады.
«Жобамыздың негізгі міндеті – Теміртау қаласында аз қамтылған отбасынан шыққан жасөспірімдерге, көпбалалы, толық емес отбасынан шыққан, ата-ана қамқорлығынан айырылған жеткіншектерге, жұмыссыз жүрген жас түлектер мен жастарға қолөнер түрлерін тегін меңгерте отырып, күнкөріске жеткілікті қаражат табуға жол сілтеу, өз шағын бизнестерін ашуға көмектесу», - дейді шебер.
Үйірме жетекшісінің айтуынша, үйренем деушілерге жасына қарай шектеу қойылмайды. Бастысы, қызығушылық болса болды. Үйірмеге келушілер қарапайым резеңкелі білезіктен бастап, күрделі той тәжі, орамал, тюрбан секілді бұйымдарды да жасайды. Болашақта үйірме аумағын кеңейтіп, оларға тігіс түрлерін үйрету де жоспарда бар. Ал дайын бұйымдар түрлі жәрмеңкелерде көпшілік назарына ұсынылмақ.
«Жобаның ең басты артықшылығын айтар болсақ- ол, әрине, ең әуелі уақытты тиімді өткізіп, әрі оны пайдаға жаратуда. Себебі өз қолымен дәстүрлі тұтыну және сәндік бұйымдарын жасау техникасын игеріп, жасалған заттарды сыйға берсе де, сатып жіберсе де, азын-аулақ табыс табады. Тәжірибе көбейген сайын, тауарлардың түрлері көбейіп, сапасы да жақсарады. Бұл одан әрі еңбек етуге мотивация болады. Үйде отырып та, тапсырыстар қабылдап, жұмыс жасауға болады. Пандемияның әсері болмаса, жоба аяқталысымен ісімізді ары қарай өздігімізбен жалғастыруға ниеттіміз, себебі кәсіпті жүргізуге қажетті басқару, есеп дайындап, оны тиянақты әрі уақытылы тапсыру сияқты дағдыларды бағдарламаға қатысу барысында меңгердік, менторлармен жұмыс жасап, олардың ақыл-кеңестерін алдық», - дейді Меруерт.
Кәсіпкер Zhas Project бағдарламасы жобаны жүзеге асырушыға да, қатысушыға да зор мүмкіндік беріп, тіпті жоба іске асырылып жатқан елді мекеннің тұрғындарына да септігін тигізетінін атап өтті. Бағдарлама қатысушылардың бойында өзіне деген сенімді оятып, армандап келген істерін бастауға әрі оны жүргізуге қажетті дағдыларға үйретіп, жарқын болашаққа жетелейді. Жобаның қатысушылары елімізде жастарды қолдайтын Zhas Project сияқты бағдарламалар көп болса ғой деген ниеттерін де білдірді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890304-temirtaulyk-mgalim-trgyndardy-kolnerge-baulidy/