RU

Терезеден секіріп қайтыс болған Сымбат Құлжағарованың әкесі Тоқаевқа үндеу жасады

Сымбат Құлжағарова
Сымбат Құлжағарова. Фото: іnstagram.com/symbat_stories

Көпқабатты пәтерлердің бірінен секіріп кеткен астаналық Сымбат Құлжағарованың әкесі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жасады. Ер адам қызының психикасы дұрыс болғанына сенімді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Боранғали Құлжағаровтың видеоүндеуі марқұм Сымбаттың Instagram парақшасында жарияланған.

Ер адам президенттен бөлек, астана әкімдігіне, Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа және Ішкі істер министрлігіне де үндеу жасады.

"Менің қызым Сымбаттың көпшіліктің уайымын, жанашырлық пен ашуын тудырған оқиғасы қайғылы аяқталды. Мен қызымның психикасы дұрыс болғанына толық сенімдімін. Мұны 2020 жылдың 21 қазанындағы дәрігерлік комиссияның қорытындысы растайды", - дейді ер адам.

Құлжағаров қызының ісін жеке бақылауға алып, әділ тергеуді қамтамасыз етуді сұрайды.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне аталмыш факті бойынша қазіргі таңда ҚР ҚК 105 бабы (Өз-өзіне қол салуға итермелеу) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Полицейлер әзірге өзге ақпарат бере алмайтындарын айтты.

Еске сала кетсек, 29 жастағы Сымбат Құлжағарова 10 желтоқсан күні елордадағы көпқабатты үйлердің бірінен секіріп қайтыс болған еді.

Оның күйеуінен ажырасқысы келсе де, күйеуі некесін бұзудан бас тартып, оны ұрып-соғып, жындыханаға жатқызып, балаларын көрсетпеймін деп қорқытқаны айтылды.

Алайда марқұмның күйеуі Абай Әбдіғаниев жұбайына қол көтермегін айтып, мұны жала деп атады. Ер адам мен анасының айтуынша, Сымбаттың психикалық ауытқуы болған.

Олардың сөзінше, Сымбат осыған дейін де үш рет суицид жасамақ болыпты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890355-terezeden-sekirip-kajtys-bolgan-symbat-klzagarovany-kesi-tokaevka-ndeu-zasady/