RU

Алматы облысында жоғалған жасөспірім Қызылордадан табылды

Жасөспірім
Фото: Polisia.kz

Қызылорданың тәртіп сақшылары Алматы облысында жоғалған жасөспірімді тапты деп хабарлайды Polisia.kz.

18 желтоқсан күні сағат 15:30 шамасында Алматы облысының Полиция департаменті Жамбыл аудандық полиция бөліміне Қарасай ауданының тұрғыны хабарласты. Ол 12 жастар баласының Үшбұлақ ауылындағы ата-әжесінің үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағанын айтып, көмек сұраған.

Алматы облысының тәртіп сақшылары жоғалған жасөспірім туралы бағдарды Қазақстанның барлық өңірлеріне, шекаралас аумақтардағы полиция бекеттеріне таратқан.

Алматылық полицейлерден келіп түскен бағдар бойынша іздестіру жұмыстарын бастаған Қызылорда облысы Полиция департаментінің ювеналды полицейлері 21 желтоқсан күні кешкі сағат 20:45 шамасында жасөспірімді тапты.

Ол Қызылорда қаласы Жаппасбай батыр көшесінің бойында жалғыз өзі жүрген екен. Ата-анасынсыз жалғыз жүрген жасөспірімді тексеру барысында оның іздеуде жүргені анықталады.

Қызылорда қалалық Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторы Мурат Байназаров жасөспірімді Қызылорда облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды.

Бүгінде тәртіп сақшылары жоғалған жасөспірімнің ата-анасымен хабарласып, олардың облыс орталығына келуін күтіп отыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталу үстінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890401-almaty-oblysynda-zogalgan-zasspirim-kyzylordadan-tabyldy/