Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2020 жылы өмірден озған танымал қазақстандықтар (фото)

Опубликовано:

Марқұмдар
Көрнекі фото: pixabay.com

Биыл әлем жұртшылығы үшін ауыр жыл болды. Дүниежүзі бойынша COVID-19 індеті 1 миллион 700 мың адамның өмірін жалмады. Қазақстанда да маусымның соңы мен шілдеде болған аурудың өршуінен талай адам жақындарымен қош айтысты. KAZ.NUR.KZ порталы 2020 жылы індет салдарынан көз жұмған елге танымал тұлғаларды еске алады.

Пандемияның Қазақстанда өршіген тұсында әлеуметтік желілер мен БАҚ некрологқа толып кетті. Айналасы 20 шақты күнде бірінен кейін бірі қайтыс болған танымал тұлғалар туралы жаңалықтар қоғамды уысында ұстады. Ал дерттен көз жұмған қарапайым адамдардың саны туралы айтпаса да түсінікті.

Жазда індет құрсауынан шыға алмай, ажал құшқан атақты тұлғалардың бірі - белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев. Ел аузындағы танымал әндердің авторы 75 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Кеңес Дүйсекеев, композитор
Фото: astana-akshamy.kz

Өнер әлемінде өз орны бар белгілі дизайнер Берік Исмаилов те мезгілсіз дүние салды. Көптеген эстрада жұлдыздарын киіндірген сәнгер карантин кезінде қазақстандықтарға тегін бетперде тігіп таратқан еді. Дизайнер небәрі 51 жыл ғұмыр кешті.

Берік Исмаило, сәнгер
Фото: berik-ismailov.kz

Белгілі театр және кино әртісі Дархан Дайырбек биыл жазда коронавирустан болған пневмониядан көз жұмды. Әріптестері оның қайтыс болар алдында жансақтау бөлімінде өздігінен тыныс ала алмай жатқанын хабарлаған еді.

Дархан Дайырбек, әртіс
Фото: ic24.kz

Қазақ журналистикасының белгілі өкілі, «Жас Алаш» газетінің жауапты хатшысы Жолдасбек Дуанабай да осы індет кезінде өмірден озды.

Журналист Жолдасбек Дуанабай
Фото: jasqazaq.kz

Белгілі журналист Қуандық Шамахайұлы биыл маусым айында өкпесі қабынып, ауруханада қайтыс болды. Ол - Қазақстанның мәдениет қайраткері әрі филология ғылымының кандидаты.

Қуандық Шамахайұлы
Фото: Facebook

Сұм ажал Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабаеваны да алып кетті. Клара Жұмабаева 1941 жылы дүниеге келген. Ғұмырының 32 жылын медицина саласына арнады. Әбіш Кекілбаев пен Клара Жұмабайқызы жарты ғасырдан астам уақыт бірге өмір сүріп, 4 бала тәрбиеледі.

Клара Жұмабаева, Әбіш Кекілбаевтың жары
Фото: 24.kz

Белгілі тележурналист Диас Омаров екі жақ өкпесінің қабынуынан қайтыс болды. Спорт комментаторы 80 жасқа қараған шағында өмірден озды.

Диас Омаров спорт журналисі
Фото: Facebook

Маусым айының соңында белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанат Ахмади бақилық болды. Қаламгер 77 жасында өмірден озды.

Жазушы Жанат Ахмади
Фото: abai.kz

Танымал дін өкілі, Сарыағаш медресе колледжінің директоры Әбдіғаппар Сманов та осы жазда пневмониядан қайтыс болды. Ол 1970 жылы 22 ақпанда дүниеге келген.

Әбдіғаппар Сманов
Фото: malim.kz

2020 жылдың 10 шілде күні Ақтөбедегі облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров 60 жасқа шыққан шағында пневмониядан көз жұмды. Қозыбағаров ауруханаға 2013 жылдан бері жетекшілік еткен. Қайтыс болар алдында дәрігердің екі өкпесі қабынған.

Ақтөбе облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері
Фото: ainews.kz

Сондай-ақ, биыл алғы шепте жүріп вируспен алысқан ақ халатты жандардың бірі, Алматы облысының бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов көз жұмды.

Қайрат Баймұхамбетов, Алматы облысы
Фото: taldykorgan-online.kz

Сонымен қатар, 2020 жылы даңқты қазақ палуаны Жақсылық Үшкемпіров сырқаттанып жатып, өмірден өтті. Олимпиада ойындарының чемпионы 69 жасында бақилық болды.

Жақсылық Үшкемпіров
Фото: www.inform.kz

Бұдан бөлек, биыл қазақ елі белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбектен айырылып қалды. Журналист ауыр сырқаттан оңала алмай, 49 жасында өмірден озды.

Бейсен Құранбек
Фото: ktk.kz

Індеттің шарықтау шегінде қайтыс болғандардың нақты саны белгісіз.

Еске сала кетсек, биыл кісі өлімінің көптігіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған жандардың туыстарына көңіл айтып, 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890571-2020-zyly-mirden-ozgan-tanymal-kazakstandyktar-foto/

pixel