Жаңа жылда аяз ата шақыруға тыйым салынды: Бекшин жаңа қаулы шығарды
Жарияланған күні:
Оңтүстік астананың бас дәрігері коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары туралы жаңа қаулыға қол қойды. Құжат Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтында жарияланған деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қаулы осы жылдың 26-желтоқсан күні күшіне енбек.
Құжатта адам көп жиналатын жерлерде ойын-сауық, спорттық іс-шаралар, көрмелер, форумдар және отбасылық мерекелер өткізуге тыйым салу туралы айтылған.
Сонымен қатар, Бекшин жаңажылдық іс-шараларды өткізуге де тыйым салу туралы шешім қабылдады.
"25 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейін барлық ұйым мен мекемеде жаңажылдық іс-шараларды өткізуге, сондай-ақ аниматорларды, яғни аяз Ата, ақшақар және басқа жаңажылдық кейіпкерлерді үйге шақыру бойынша агенттіктердің жұмысына тыйым салынады", - делінген құжат мәтінінде.
Алматы қаласының бас санитарының қаулысында мектепке дейінгі мекемелерде қосымша кезекші топтар мен қала мектептерінде 1-5-сынып аралығында қосымша кезекші сыныптар ашуды тоқтату туралы жазылған.
Одан бөлек, сауда нысандары, оның ішінде ойын-сауық орталықтары, сауда үйлерінің жұмысы жұмыс, демалыс және мереке күндері 23.00-ге дейін ұзартылмақ.
Сонымен қатар сағат 23.00-ге дейін қоғамдық тамақтану нысандары жұмыс істейді.
Азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жұмыс уақыты жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері сағат 17.00-ге дейін шектеледі.
Қаулының толық мәтінімен сілтемеге өтіп, танысуға болады.
Еске сала кетсек, елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 754 адам тіркелген. Олардың 90-ны Алматы қаласынан.
Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 149 462-ге жетіп отыр.
Сонымен қатар, кеше Алматы қаласының коронавирус бойынша "сары" аймаққа қайта кіргенін жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890728-zaa-zylda-aaz-ata-sakyruga-tyjym-salyndy-beksin-zaa-kauly-sygardy/