Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тышқан жылы қазақ елі үшін несімен есте қалды

Опубликовано:

Тышқан жылы1
Көрнекі фото: pixabay.com

KAZ.NUR.KZ порталы өтіп бара жатқан 2020 жылы ел өмірінде болған маңызды оқиғаларға шолу жасайды.

Дүниежүзіне тараған COVID-19 індеті ойламаған жерден адамзат өміріне үлкен өзгерістер әкелді. 2020 жыл - Қазақстан үшін күтпеген оқыс оқиғаларға толы жыл болды.

Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік

Қордайдағы оқиға орны1
Қордайдағы оқиға орны. Фото: primeminister.kz

7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында жергілікті ауыл тұрғындары арасында жаппай тәртіпсіздік болды.

Кейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиғаның мән-жайын айтты.

Бұл жанжалда жалпы саны 11 адам қаза тапты. Тұрғын үйлер, бизнес нысандары мен көліктер өртенді. Аймаққа ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барды.

Мемлекет басшысы мұндай жағдайға енді жол бермеу керектігін қадап айтты. Тәртіпсіздіктің салдарынан 65 нысанға шығын келген. Жүздеген адам көршілес Қырғызстанға қашты.

8 ақпан кешкісін Жамбыл облысының әкімдігі Қордайда төтенше жағдай жариялады. Қордай қақтығысы бойынша соңғы деректерде 90 қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Аталмыш оқиғадан соң мемлекет басшысының бұйрығымен бірнеше лауазымды тұлға қызметімен қош айтысты.

Сонымен қатар сол кездегі облыс әкімі болған Асқар Мырзахметов те өз еркімен өтініш жазып, қызметінен кетті. Оның орнына сол уақытта еліміздің вице-премьері болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.

Төтенше жағдай режимі, карантиндік шектеулер

Блок-бекет13
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Наурыз айында сол кездегі денсаулық министрі Елжан Біртанов Қазақстанда коронавирус жұқтырған екі адам тіркелгенін хабарлады.

Олар – Германиядан Алматыға оралған Қазақстан азаматтары. Біреуі елге 9 наурыз күні, екіншісі кеше, 12 наурыз күні ұшып келген. 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 індетіне байланысты пандемия жариялады.

12 наурыз күні Қазақстанда барлық спорттық, мәдени, бұқаралық және мерекелік шаралар мен тойларға тыйым салынды. 15 наурызда елде төтенше жағдай жарияланды. Блок-бекеттер қойылып, көлік қатынастарына шектеу енгізілді.

Барлық оқу орындары қашықтан оқытуға көшті. Елде төтенше жағдай салдарынан табыссыз қалған азаматтарға үкімет 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем тағайындалды. Әлеуметтік көмекті алу үшін ел біраз дүрлікті. Тиісті сала басшылары 42500 теңгенің төтенше жағдай және карантин кезінде 7 млн рет тағайындалғанын айтты.

Мақтааралды басқан топан су

Мақтарал ауданын су басты
Фото: otyrar.kz

Бірінші мамырда Өзбекстанда Сардоба су қоймасы бұзылып, салдарынан еліміздің оңтүстігіндегі бірақатар елдімекенді топан су басты.

Жапа шеккен ауылдар Өзбекстанмен іргелес жатқан Түркістанның Мақтаарал ауданына қарасты. Облыста арнайы штаб құрылып, 5 жарым мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Су басу қаупіне байланысты 2 мамырға қараған түні Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Осы мәселе бойынша мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының барлық тұрғындары жаңа баспанамен қамтамасыз етілетінін немесе бұрынғы тұрғын үйлер толықтай жөнделіп, барлығы 100 мың теңгеден алатынын айтты.

Дариға Назарбаеваның сенаттан кетуі

Дариға Назарбаева Сенаттан кетті
Фото: Atameken Business Channel

2 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенат депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.

Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып 2019 жылдың 20 наурызда сайланған еді. Ал қараша айында Назарбаеваның Nur Otan партиясы атынан мәжіліс сайлауына түсетіні белгілі болды.

Індеттің өршуі, Аза тұту күні

Аза тұту күні
Фото: 24.kz

Мамыр айының соңында елде төтенше жағдай режимі аяқталып, карантиндік шектеулер алына бастады. Блок-бекеттер ашылды. Салдарынан індет өршіп, ел аумағына тез тарала бастады. Маусымның соңы мен шілдеде коронавируспен қоса этиологиясы белгісіз пневмониядан көз жұмғандар саны көбейді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Айсұлтан Назарбаевтың өлімі

Айсұлтан Назарбаевтың өлімі
Фото: Facebook

16 тамызда қазақстандық БАҚ-та Айсұлтан Назарбаевтың жүрек ұстамасынан қайтыс болғаны туралы хабарланды. Сол күні оның анасы Дариға Назарбаева ақпаратты растады. Айсұлтан Назарбаев 16 тамызға қараған түні Лондонда көз жұмған.

Праймериз

Праймериз 2020
Фото: nurotan.kz

Елімізде биыл тұңғыш рет партияішілік сайлау – праймериз өтті. 2021 жылдың басына белгіленген мәжіліс сайлауына ерте қамданған Нұротандықтар ұсынатын кандидаттар тізімін жаңалау мақсатында осы қадамға барған.

Қазақстанның саяси тәжірибесінде алғаш өткізілген праймеризді қоғам қызу талқылады. Ал оның нәтижесін құптағандар да, сын айтқандар да бар.

Борат-2 фильміне наразылық

Борат 2
Фото: azattyq-ruhy.kz

"Мен туымды мақтан етемін". Қазақстандықтар осы лозунгпен атышулы "Борат-2" фильміне наразылығын білдірді.

Алматыда "Борат-2" фильміне қарсы жастар АҚШ-тың бас консулдығына петиция табыстады. Көрермендер актерден және режиссерлерден "қазақ халқынан кешірім сұрауды" талап етті.

Жуырда үкімет мемлекеттік туды үйлердің қасбеті мен балконға ілуге рұқсат етті.

Бұдан бөлек карантиндік шаралардың күшеюінен елде бірқатар сала кәсіпкерлері табыссыз қалды.

Тойхана, кинотеатрлар, көңіл көтеру орындары, сауда орталықтары, тамақтану орындары жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.

Індет өршіген шақта елде дәрі жетіспей, дәріханаларда баға тұрақсыз болды. Биыл халық жаппай маска тағуды, жиі қол жууды үйренді. Сондай-ақ мекемелер мен ұйымдар қашықтан жұмыс істеуге көшті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890878-tyskan-zyly-kazak-eli-sin-nesimen-este-kaldy/