Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

СҚО-да 60-қа жуық құрылысшы төрт ай бойы жалақысыз жүр

Жарияланған күні:

Құрылысшылар
Скриншот: КТК арнасынан

Солтүстік Қазақстан облысында түрменің қоршауын жасаған жұмысшылар төрт айдан бері жалақысын даулап жүр деп хабарлайды КТК арнасы.

ЕЦ 164/8 еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеушілерді өзге түрмелерге ауыстырғалы бір жылдан асқан.

Осылайша қылмыстық атқару жүйесінде жаңғырту жұмысын жүргізу көзделіпті. Түрмені стандартқа сай ету мақсатына қазынадан 1 миллиард 70 миллион теңге бөлінген екен.

Құрылыс әлі толық бітпеген. Десе де, стратегиялық нысанның айналасын құрылысшылар алты метрлік бетон дуалмен қоршаған. Енді оның үстіне төрт метрлік темір торды дәнекерлеп жатыр. Алайда осындай ауыр жұмыс істеп жатқан жұмысшылар төрт айдан бері жалақы алмаған.

"Бас мердігерге алданғанын айтқан" 60-қа жуық құрылысшы ұзындығы бір шақырымнан асатын қоршауды тұрғызып үлгерген. Енді осы жұмысына "Еңбек Аршалы" республикалық мемлекеттік кәсіпорынының филиалы 48 миллион теңге берешек екен.

"О баста жұмысқа шақырған кезде мен мемлекеттік ұйым деген соң сеніп, мемлекет алдамайды ғой, қарапайым халықтың еңбегіне төлейді деп келгенмін. Былай тартсаң былай жетпей жатқан заманда онсыз да ақшамызды жеткізе алмай жүргенде бұлар айлығымызды бермей, қинап қойды", - дейді құрылысшы Мереке Қалжанов.

Ал жеке кәсіпкер келісімшарт тіпті қолдарына тимегенін айтады.

"Келісімді Great Abiliti group деген жіберген. Ол кісіні танымаймыз, білмейміз, көрген емеспіз. Келісімшартты ертең берем, арғы күні берем деп алдады", - дейді жеке кәсіпкер Жәнібек Мәжитов.

"Еңбек Аршалы" республикалық мемлекеттік кәсіпорынының филиалы болса, 48 миллион теңгенің бәрін төлеуге үзілді-кесілді қарсы болып отыр.

"Бұл істелген жұмыстардың бәрі мемлекеттік болғаннан кейін, одан кейін үлкен қаражат бөлінгеннен кейін, ол жерде істелген жұмысқа фотофиксация, видеофиксация жасалады. Сондықтан мен олардың біздің құралмен істеген артық ақшасын қосып төлей алмаймын", - дейді "Еңбек Аршалы" РМК филиалының директоры Ерік Мұқанов.

Филиал директорының "біздің құрал" дегені мердігердің құрылыс материалдары болып шықты. Сол себепті, олар берешек 48 миллион теңгенің 12 миллионын ұстап қалмақшы екен. Алайда "еңбегіміз желінді" деген жұмысшылар құзырлы орынға шағым түсірген.

Дереккөз КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890889-sko-da-60-ka-zuyk-krylyssy-trt-aj-bojy-zalakysyz-zr/