Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

«Не киемін?»: Белгілі стилист әйелдердің жаңа жылдағы басты сұрағына жауап берді

Опубликовано:

Жаңа жылға сәнді киімдер
Көрнекі фото: pixabay.com

Жаңа жылдың енуіне санаулы күн қалды. Мереке қарсаңында барша әйел затының ең басты екі сұрағы бар: "Не киемін және не пісіремін?" Осы орайда қазақ әйелдерінің әсем көрінуіне үлес қосып жүрген стилист Бұлбұл Қалқанбаева қыз-келіншектердің жаңа жыл кешінде қалай естен кетпестей киінуге болатынын айтты. Сондай-ақ маман 2021 жылы жарасымды киінуде неге басымдық беру керек екеніне тоқталды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Стилист атақты сән үйлері ұсынған 2021 жылғы көктем-жаз көрсетілімінің негізінде алдағы уақытта сәнге айналатын киім үлгілерін атап өтті.

«Әлемдік атақты сән үйлері 2021 жылғы көктем-жаз көрсетілімін ұсынып қойды. Сән алпауыттарын салыстыра қарасақ, басымдық биыл экобылғарыдан тігілген киімдерге және көлемді иық, үріп қойғандай әсер беретін жаға мен жеңге мән берген. Содан кейін бахромаға көп көңіл бөлінеді. Мейлі ол күртешеңізде бола ма, жейдеңіздің алдында, шалбардың балағында, етегіңізде, сөмкеде бола ма, әйтеуір шашақ образдың бір бөлігінде қылаң беріп тұрады. Тағы бір айта кетерлігі, бізде осы кезге дейін белі төмен шалбар актуалды емес еді. Қазір біртіндеп белдемшесі төмен орналасқан киімдер шығып жатыр. Бірақ денеге тыртысқан скинни емес, астыңғы жағы кең болып кететін шалбарлар өзекті болады », - дейді Бұлбұл Қалқанбаева.

Бахрома/шашақ
Көрнекі фото: Бұлбұл Қалқанбаеваның жеке мұрағатынан

Стилист осындан бес-он жыл бұрынғы стиль мен қазіргі қыз-келіншектердің киінуіндегі ерекшелігін салыстырды. Бұлбұлдың айтуынша қазір әлем сәнқойлары ыңғайлы, жайлы киімдерге ден қойған. Оған пандемияның да әсері барын айта кету керек.

«Бұрындары сәнде биік өкшелі туфли, жұқа капрон шұлық, бас киімсіз жүру сәнді көрінетін. Қазір ең басты нәрсе - ыңғайлылық. Қаншалықты әдемі киінсеңіз де, өзіңізге ыңғайлы болмаса сәнді көрінбейді. Аяқ киімдерге келер болсақ, қазір жасырын биік өкше, жасырын платаформа деген дүниені кимейтін болдық. Биіктігі 3-5 см өкшелі аяқ киім сәнге айналды. Аяқ киімдерден трендке шыққандар - табаны қалың бәтіңкелер, ұзын қонышты табаны қалың челси,осыған дейін киіп жүрген дәстүрлі челси, басында тігісі бар, тұмсығы үшкір немесе төртбұрыш боп келетін , бірақ өкшесі тым биік емес , ал қонышы жиырылмалы етіктер трендте. Бұрынғыдай тырыстырып ұзын қоныш етік кимейміз. Содан соң, қонышы кең,тізеден келетін шабандоз етіктер сәнде», - деп кеңес берді Бұлбұл Қалқанбаева.

Белгілі стилист
Фото: instagram.com/bul_bulbull/ Бұлбұл Қалқанбаева, стилист

Қазақ қыз-келіншектерін барынша жарасымды киінуге үйретіп жүрген стилист пандемияда қандай киім үлгілерінің сұранысқа ие болғанына тоқталды.

«Қоғамда болып жатқан өзгерістер сән әлеміне де әсер етеді. Карантинде ыңғайлылық алға шықты. Себебі адамдар үйде жатты. Үй киімінің түр-түрі шыға бастады, джогермен жакет киюге көз үйреніп, қалыпты нәрсеге айналды. Пандемия жалғаса беретін болса, жайлы киімдерге сұраныс арта береді. Елестетіңізші, белінде резеңкесі бар жұмсақ спорттық шалбар мен пиджакты үйлестіріп кисек, оған ешкім таңғалмайды», - дейді стилист.

Джоггер мен пиджак
Көрнекі фото: style.rbc.ru

Жыл сайын қыз-келіншектер Жаңа жыл кешіне қалай киінсем деп бас қатыратыны белгілі. Бұл сұраққа стилист өз жауабын берді.

«Жаңа жыл кешіүшін жылтыр киім алып қажет емес, осыны бұрыннан айтамын. Қай жыл келіп , қай жыл кетпесін, мерекелік образдың барынша шығынсыз болғанын қалаймын. Мысалы, өте әдемі, өзіңізге жақсы жарасатын қара шалбар болсын делік. Оны мерекелік кеудешемен, сырғамен, қолыңыздағы сөмкемен-ақ үйлестіре алсаңыз, кешкі отырысқа дайынсыз. Мүмкіндігінше аксессуарларға сараң болмаңыз. Қандай кеудеше алсаңыз да, міндетті түрде сырға немесе алқа, білезікпен реттеуге болады. Екінші ұсынатыным - кәдімгі костюм-шалбар. Ішінен кроптоп киеміз. Мойынға жылтыр шынжыр мен маржан тас аралас алқа тағамыз. Қолыңызға ұстайтын сөмке көңіл аудартатындай болса тіпті керемет. Бір кешке бола ақша шығарып, 40 мыңға жылтыр көйлек алудың қажеті шамалы», - деген ойды ұстанады маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891229-ne-kiemin-belgili-stilist-jelderdi-zaa-zyl-karsayndagy-basty-sragyna-zauap-berdi/

pixel