Атырау облысында сушиге тапсырыс берген 16 адам уланып қалды
Жарияланған күні:
Бүгін 28 желтоқсанда Құлсары қаласында сушидан жаппай улану жағдайы тіркелді. Жылыой орталық аудандық ауруханасына жергілікті 16 тұрғын түскен деп жазады Ақ Жайық басылымы.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, кеше 27 желтоқсанда Құлсары қаласының 10 тұрғыны, бүгін 6 тұрғыны улану дерегімен ауруханаға түскен.
Олардың барлығының 25-27 желтоқсан аралығында шаһардағы бір кафеден тапсырыспен суши алдырғаны белгілі болды.
Дәрігерлер медициналық мекемеге жатқызылған науқастардың жағдайы "орташа" деп бағалап отыр.
Улану белгілері – іш өту, жоғары температура, жүрек айнуы, құсу және жалпы әлсіздік.
Қазір осы факті бойынша құқық қорғау органдары тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ал басылымның сауалына санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі "бізде ондай мәліметтер жоқ" деп жауап берген.
Сонымен қатар басылым кафенің өзінде тамақты дайындау мен жеткізу тоқтатылғанын, сондай-ақ мекеменің қызметін уақытша тоқтату туралы сотқа материалдар әзірленуде екенін жазды.
Еске сала кетсек, Таиландта жергілікті тұрғын шаянның қуырылған етін жеймін деп, қайтыс болғанын жазған едік.
46 жастағы Вантхана Футчо анасымен бірге мангр тоғайына ұлуларды жинауға барған. Сондай-ақ олар таға тәріздес үш семсерқұйрық шаян ұстаған.
Вантхана соның біреуін қуырып, жеп қойған. Алайда көп ұзамай ол өзін нашар сезіне бастаған.
Әйел бас ауруына шағымданып, аяғын баса алмай қалған. Ал ауруханаға бара жатқан жолда оның жағдайы күрт нашарлапты. Дәрігерлер Вантхананың өмірін сақтап қалуға барынша тырысқан. Алайда ол мүмкін болмаған.
Теңіз фаунасының маманы Сон Вонгсала мангр шаянының еті улы болуы мүмкін екенін және оны жеуге болмайтынын айтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891380-atyrau-oblysynda-16-adam-susige-tapsyrys-berip-ulanyp-kalgan/