Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зейнетақы жинағын нақты қандай ауруды емдеу үшін қолдануға болады

Опубликовано:

Дәрігер1
Көрнекі фото: piqsels.com

Денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинағын ем-дом үшін пайдалану тәртібін түсіндірді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева зейнетақы жинағын ең алдымен орфандық ауруларды емдеу үшін қолдануға болатынын мәлімдеді.

"Бұл – өте сирек кездесетін аурулар. Мысалы, буллезді эпидермолизбен ауыратын балалар бар. Сосын "көбелек балалар" болады. Осы іспетті сирек аурулар кіреді", - деді Сәрсенбаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, Қазақстанда қажетті дәрі-дәрмек болмаған жағдайда, оны шетелден сатып алу үшін де зейнетақы жинағын пайдалануға болады. Бірақ дәрі-дәрмекті өз жерімізде пайдалануға рұқсат болуы шарт.

"Сосын Қазақстанда қажетті диагностикалық шаралар болмаса, шетелге жолдама алуға болады. Оған да зейнетақы жинағы беріледі", - деп атап өтті Сәрсенбаева.

Зейнетақы жинағын қолдануға болатын ем-домдар тізіміне стоматология қызметтері де кірген. Оның ішінде протездеу және тағы басқа шаралар бар. Алайда шетелге жолдама берілмейді. Сондай-ақ, медициналық оңалту қызметтерін де отандық мекемелерде ғана алу мүмкіндігі қарастырылған.

"Тағы бір медициналық қызмет – реконструктивтік-қалпыну келтіру шарасы, яғни, пластикалық операциялар. Мысалы, белгілі бір отадан кейін тыртықтар қалып қояды, туа біткен кемістіктер болады, я болмаса, адам күйіп қалған жағдайда пластикалық ота қажет. Соның бәрін зейнетақы жинағының есебінен жасауға рұқсат болады", - дейді Сәрсенбаева.

Сонымен қатар, радиотерапия, радио-нуклидтік және радио-хирургиялық емдеу, гамма-пышақ пен киберпышақ сияқты медициналық қызметтер де тізімде қамтылған. Бұның бәрін әдетте онкологиялық аурулар кезінде қолданады.

"Бізде ондай емдеу шараларының барлығы жоқ. Протонды терапия жұмыс істейді. Бірақ барлығына бірдей қолжетімді емес. Сондықтан осы іспетті емдеу шараларына жолдама алуға болады. Офталмологиялық қызметтер де бар. Иә, қазіргі кезде осы қызметті аламын деушілер көп. Егер адам кезекте тұрғысы келмесе, зейнетақы жинағын алып, өзі таңдаған медициналық мекемеде емделе алады", - деп атап өтті Сәрсенбаева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891418-zejnetaky-zinagyn-nakty-kandaj-aurudy-emdeu-sin-koldanuga-bolady/

pixel