Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Коронавирустың жаңа штамы жайлы не білуіміз керек

Опубликовано:

Коронавирус
Көрнекі сурет: pixabay.com

Әлемді дүр сілкіндірген коронавирустың жаңа штамы жайлы ақпарат халықты одан әрі алаңдата түсті. Сарапшылардың соңғы зерттеуіне сенсек, вирустың жұқпалылығы жоғары. Осы ретте ҚазАқпарат жаңа вирус жайлы арнайы маманның пікірін сұрады.

Көптің көкейінде жүрген вирус жайлы сұрақтарға Назарбаев университетінің биомедициналық инженерия саласындағы профессоры, PhD, ғалым әрі MedSupport еріктілерінің бірі Дана Ақылбекова жауап берді.

Профессор COVID-19-дың жаңа штамы туралы көпшілік нені білуі керектігін тізбектеп берді.

Ақылбекованың айтуынша, коронавирустың жаңа штамы пайда болғанында таңғаларлық ештеңе жоқ. Себебі, әдетте ай сайын вирустың бір немесе екі мутациясы пайда болып жатады екен. Яғни, вирустар ұдайы мутацияға ұшырап отырады.

Десе де, Ұлыбританияда пайда болған B.1.1.7 атаулы жаңа түрі мутацияның көбін біріктіріп алып, 17 түрлі мутацияға ие болып үлгерген.

"Жаңа штамм туралы ештеңені болжап білу мүмкін емес. Вирустың осы нұсқасы басқаларына қарағанда қалай әсер ететінін білу үшін бізге көбірек ғылыми мәліметтер керек. Бұл штамда спайк белоктарының өзгерісі байқалды. Спайк ақуызы – вирусқа біздің денеміздің жасушасының есігін ашатын кілт.

N501Y деп аталатын тағы бір мутация спайктың едәуір маңызды бөлігін өзгертеді. Вирустың бұл нұсқасында тікенек бірінші рет біздің денеміздің жасушаларының бетімен байланысқа түседі. Вирустың ішке енуін жеңілдететін кез келген өзгерістер оған басымдық беруі мүмкін.

Тағы бір мутация – H69/V70. Ондай жағдайда тікенектің біршама бөлігі ажырап қалады. Кембридж университетінің профессоры Рава Гуптаның жұмысы мутацияның инфекциялылығын арттыратынын көрсетті", - дейді сарапшы.

Ғалым коронавирустың жаңа штамы қаншалықты қауіпті екеніне де тоқталды. Оның сөзіне сенсек, жаңа штаммен ауырған адамның ағзасында асқыну байқалмауда.

"Вирустың бұл нұсқасының қауіпті екенін айғақтайтын әлі ешқандай дәлел жоқ. Ғалымдар ол туралы нақты әрі толық білмейді, өйткені бұл нұсқа жақында ғана пайда болды. Бірақ әзірге В.1.1.7 вирусымен ауыратын адамдар "көп" ауырмайтыны әрі жаңа нұсқаға байланысты адам ағзасында асқыну байқалмайтыны белгілі болып отыр. Жалғыз қауіп - егер вирус шынымен де жұқпалы болса, онда аурухана төсегі көбірек қажет болады", - дейді маман.

Профессор жаңа штамның жұқпалылығы жоғары деген әңгіме қаншалықты рас екенін айтып берді.

Ақылбекованың сөзінше, жаңа штамның таралу көрсеткіші 70 пайызға артқандықтан, осындай тұжырымдама жасалып отыр.

"Ұлыбританиядағы вирусты қауіп-қатерлерге кеңес беру тобының (Nervtag) жалпыға ортақ соңғы хаттамалары бұл жаңа нұсқаны едәуір көбірек тараған деп санайды. Геномдық талдау көрсеткендей, бұл ерекше штамның таралуы шамамен 70% артқан... Олар сондай-ақ, бұл нұсқа ұлттық оқшаулау шаралары қабылданған кезеңде жылдам өскендігін атап өтті. Жаңа штам шынымен де жұқпалы болуы мүмкін, бірақ сенімді болу үшін көбірек зерттеу қажет.

Тағы бір алаңдаушылық туғызатын мәселе Оңтүстік Африкада тіркелді. Онда ғалымдар вирустың геномын үш провинцияда зерттеп шыққан: олар - Шығыс Кейп, Батыс Кейп және Куазулу-Наталь. Олар тікенді геннің N501Y мутациясын жүргізетін британдық нұсқадан бөлек сызықты анықтады", - дейді Ақылбекова.

Профессор вирустың бұл түрі одан әрі мутацияланып, басқа мемлекеттерге таралуы мүмкін бе деген сауалға да жауап берді.

Ақылбекова коронавирустың жаңа нұсқалары елімізде мұқият бақыланбай отырғанын алға тартты.

"Нұсқа қазірдің өзінде әлемнің көптеген елінде, соның ішінде АҚШ-та таралуы мүмкін. Зерттеушілер оны Данияда, Нидерланды және Австралиядан анықтады. Ұлыбритания ғалымдары жаңа нұсқаларды бақылап отырады. Басқа елдер, соның ішінде Қазақстан вирустың жаңа нұсқаларын мұқият бақыламайды. B.1.1.7 сияқты жаңа нұсқалар, бәлкім, басқа елдерде байқалмай да қалуы мүмкін", - дейді ол.

Ғалым бүгінгі күнге дейін әзірленген әлемдегі вакциналар коронавирустың жаңа штамдарына қарсы тұра ала ма деген сауалға да жауап берді.

"Баспасөз мәслихатында BionNTech өкілдері қазіргі уақытта вакцинаның жаңа штамнан қаншалықты қорғайтыны жөнінде мәлімет жоқтығын айтты. Бірақ сондағы өкілдер ғылымға сүйене отырып, вакцина тудырған иммундық жауап жаңа вирусты жеңе алатынын алға тартады", - дейді Дана Ақылбекова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891443-koronavirusty-zaa-stamy-zajly-ne-biluimiz-kerek/