Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сиыр жылы еліміз үшін жайлы ма: Этнограф 2021 жыл қандай болатынын айтты

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Қазақтың жыл санауы бойынша 2021 жылы сиыр жылы кіреді. Әр жылдың өзіне тән мінезі бар, ал сиыр жылының қалай өтетіні жайлы сауал көпті толғандырып жүргені белгілі. Осы орайда этнограф Ахмет Тоқтарбай құнды ақпаратпен бөлісті деп жазады Sputnik Қазақстан агенттігі .

Оның сөзінше, жыл қайыру алтыншы-жетінші ғасырда пайда болған, оның ішінде кей жылдың аты шығыс күнтізбесінен енген.

"Жыл санау 6-7 ғасырларда пайда болған. Қазақ маймылды өмірінде көрмеген, сондықтан оған мешін деп ат қойған. Маймыл қазаққа жат. Маймыл жылы Шығыс елдері, Қытай, Үндістанға тән десек болады. Осыған қарап жыл санаудағы жануарлардың кейбірі бізге шығыс күнтізбесінен келген деп айтуға болады", - дейді сарапшы.

Осы орайда этнограф сиыр жылының не себепті жайлы жыл қатарына жататынына тоқталды.

"Қазақ күнтізбесі бойынша сиыр жақсы, жайлы жылдардың бірі деп саналады. Өйткені жаман жылдар тарихта бар, мысалы, қоян жылы қазақ күнтізбесі бойынша ең жаман жыл. Тышқан жылы, жылқы жылында соғыс, ұрыс-керіс болған. Сиыр жуас, момын мал. Екіншіден, ертеректе кедей отбасыда бір сиыр болса, сол барлығын асыраған. Бір сиырды сол үйдің анасы деп атайды екен", - дейді ол.

Тоқтарбайдың сөзінше, бір сиырдың сүті бір үйді асыраған. Сонымен қатар қыста тайынша болған түлікті соғымға сойып алып, қыстан шыққан.

"Бұл жыл тыныш, дау-дамайсыз, халыққа мамыражай жыл деп саналады. Сонымен қатар қой мен барыс жылы жақсы өтеді", - дейді этнограф.

Сондай-ақ, жыл санауындағы төрт түлікті сол жылы туған адамдар бауыздамайды.

"Жылқы жылы туған адам жылқы бауыздамайды. Бұл сиыр мен қой жылы туғандарға да қатысты. Себебі адам сол жылы өмірге келген соң, оған құрмет көрсетеді. Қазір бір кісілер биыл жаңа жылда сиыр етін дастарханға қоймаймыз деп жатыр екен. Бұл түркі жұртына жат дүние, керісінше славян халықтарына тән. Ал қазақ қашан да төрт түлікті азық ретінде пайдаланған", - дейді Тоқтарбай.

Сиыр жылы туғандардың табиғи белгісі – су. Соған байланысты бұл жылы дүниеге келгендер тұрақты, сабырлы болып келеді, көшбасшылық қасиетке де ие.

Ал осындан бес ғасыр бұрын жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының "Шипагерлік баян" кітабында адамдардың мінезін туған жылына қарай сипаттап берген.

"Маңғаз (сиыр). Мүшелдік тектелгі саналғы бұл жылдағылар сусағыш, тамақсау, өзара шығысымы үй ішіндік болса да қағыспалы, бірақ зілсіз, кексіз, харакеті бір тоға, көмпіс, оңайлықша сөз өтпейтін, қамшы жүргізіп, таяқ шектейтін, тілге азбайтын, иісалмас. Жау тиіскенде айғай-аттанын естісе не қан көрсе болғаны намысы қозғыш, өлген-тірілгеніне, алды-артына қарамайтын, бір қалмай атқа қонатын, сонымен қоса бірауызды, қаратұяғынан хал кеткенше айқасатын, қауқарлы-қауқарсыздығына қарамайтын әрі өздерін және жастарын аялауға құштарлығы басым, не жеңіп, не өліп тынатын адам", - деп жазды Тілеуқабылұлы.

Сонымен қатар сиыр жылы туғандар досқа адал, ақ пейіл, достары мен туған жерінен әсте айырылғысы келмейтін адам болатынын жазып қалдырған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891560-siyr-zyly-elimiz-sin-zajly-ma-etnograf-2021-zyl-kandaj-bolatynyn-ajtty/

pixel