Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

2021 жылы Қазақстанда өтетін маңызды шаралар

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Келесі жылы Қазақстанда бірқатар маңызды шара өтеді. Олардың кейбірін коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегеруге тура келген деп жазады Sputnik Қазақстан агенттігі.

Саяси науқан

Сөз жоқ, жаңа жылдағы басты саяси оқиғалардың бірі – мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы. Осы екі науқанды бір уақытта өткізуге шешім қабылданды. Себебі екеуінің сайлау жүйесі ұқсас және заңға қайшы келмейді. Бұл бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мәжіліс сайлауы соңғы он алты жылда алғаш рет конституцияда бекітілген мерзімде – депутаттардың құзіреті аяқталатын уақыттан екі ай бұрын өткізіледі.  

Мәжіліске бес партияның үміткерлері сайланады. Олар:

  • Nur Otan;
  • "Ақ жол" демократиялық партиясы;
  • Қазақстанның халық партиясы;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы;
  • Adal партиясы.

Әрбір партия өз үміткерлерінің тізімін тіркеді. Заңға сәйкес, онда әйелдер мен жастардың 30 проценттік квотасы ескерілуі шарт, яғни, партиялық тізімде әйелдер мен жастардың нақты үлесі сақталуы қажет.  

Мәжіліске 107 депутат өтеді. Оның тоғызы – Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері. 10 қаңтарда мәжіліс пен мәслихат депутаттары партиялық тізіммен сайланса, 11 қаңтарда Ассамблея мүшелері өз кандидаттарына дауыс береді. Ал облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға барлығы 3 276 депутат сайланады. Олар да  партиялық тізіммен өтеді.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, сайлау кезінде республикалық маңызы бар қалаларда және астанада сайлаушыларға бірден екі бюллетень беріледі. Біреуі мәжіліске депутат таңдауға арналса, екіншісі мәслихатқа өтетін нақты бір партияға дауыс беруге арналған. Басқа қалалар мен аудандарда дауыс беретін азаматтарға үш бюллетень беріледі.  Біреуі – мәжіліс, екіншісі – облыстық мәслихат, ал үшінші бюллетень қалалық немесе аудандық мәслихат депутаттарына дауыс беруді көздейді.

Халық санағы

2021 жылы өтетін тағы бір маңызды шара – ұлттық халық санағы. Биыл оны коронавирус пандемиясына байланысты келесі жылға қалдыруға тура келді. Халық санағы 1-30 қазан аралығында өтеді.

Осы науқанға бюджеттен 8,2 миллиард теңге жұмсалады деген ақпарат болды. Оған санақ жүргізетіндердің жалақысы, планшеттер және тағы басқа шығындар кіреді.

Айта кеткен жөн, Қазақстанда ұлттық халық санағы он жылда бір рет өткізіледі. Соңғы рет 2009 жылы ұйымдастырылған. Сол кезде елімізде 16 миллион адам болды. Ол 1999 жылғы санақпен салыстырғанда 1 миллионға артық.

2019 жылы ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты халық санағын 2020 жылдың ақпан-наурыз айларында ауыстырған болатын. Сосын коронавирус пандемиясына байланысты тағы қазан айына шегерді. Ақыры 2021 жылы өткізуге шешім қабылданды.

Өңіраралық форум

Биыл қараша айында Көкшетау қаласында Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен XVII өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу жоспарланды. Бірақ коронавирус оны да кейінге шегерді. Қазіргі жоспарға сәйкес, форум келесі жылы шілде айына дейін ұйымдастырылады. Әзірге нақты күні белгісіз.

Бұған дейінгі форумдар шекараға жақын жерде өткен. Осы жолы алғаш рет шекарадан шалғай қалада ұйымдастырылады. Тақырыбы да белгілі – экология және жасыл экономика. Оны Қазақстан президенті ұсынды. Форумда трансшекаралық өзен-сулар, Каспий теңізінің өсімдік пен жануарлар әлемі, климаттың өзгеруі және тағы басқа мәселелер талқыланады. Сондай-ақ, бірқатар маңызды құжат рәсімделеді.

2003 жылы өңіраралық ынтымақтастық форумы алғаш рет Омбы қаласында ұйымдастырылған болатын. Оған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путин қатысты. Содан бері аймақаралық форумы дәстүрлі шараға айналды. Осы жолы дайындық жұмыстары Көкшетауда, сондай-ақ, Бурабай мен Зерендіде жүргізілді.

ЕАЭО-дағы төрағалық

Келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақтың төрағалығы Қазақстанға табысталады.

ЕАЭО-ны құру туралы келісім 2015 жылы 1 қаңтарда күшіне енген болатын. Ұйым Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды.

Бүгінде одаққа Қазақстан, Беларусь, Ресей, Армения және Қырғызстан кіреді. Ал Молдова, Өзбекстан мен Куба бақылаушы мемлекеттер дәрежесін алды. Ал Вьетнам, Иран, Сингапур, Сербия сияқты елдермен еркін сауда-саттық туралы келісімдер рәсімделген. Мәселен, 2016 жылы ЕАЭО мен Вьетнам арасында еркін сауда-саттық келісіміне қол қойылған болатын. Ол кезде одақтың төрағалығын Қазақстан атқарды.

Рақымшылық жарияланады

2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтеді. Осыған орай, кезекті рет сотталғандарға рақымшылық жарияланады. Заңға сәйкес, азаматтар мен тұтастай мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін жауапқа тартылғандар ғана рақымшылыққа ілінеді.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Қазақстанда тоғыз рет рақымшылық жарияланған болатын. 2016 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылық кезінде түрмелерден 1,5 мыңға жуық адам босатылды. Бұдан бөлек, сотталған 20 мыңнан астам адамның жазасы жеңілдетілді.

Әлемдегі оқиғалар

Келесі жылы көптен күткен жазғы Олимпиада ойындарын өткізу жоспарланып отыр. Биыл оны коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерген. Қазіргі жоспарға сәйкес, Токио Олимпиадасы 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады. Оған дейін футболдан Еуропа чемпионаты (11 маусым-11шілде) өтеді. Дубайдағы ЭКСПО көрмесі 1 қазанда басталады.

Қазақстанмен шекаралас елдерде сайлау болады. Мәселен, 10 қазанда Қырғызстан жерінде кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Өзбекстан да мемлекет басшысын таңдайды. Ал Ресей халқы Мемлекеттік дума депутаттарын сайлайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891616-2021-zyly-kazakstanda-tetin-mayzdy-saralar/

pixel