RU

Еліміздің министрлері Жаңа жылды қалай қарсы алады

Сыйлықтар
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

2020 жылы ерекше белсенді болған еліміздің министрлері Жаңа жылды қалай тойлауды жоспарлап отырғанын zakon.kz порталы анықтауға тырысты.

Министрлерге сауал жолдаған басылым олардың жаңажылдық мерекені қалай қарсы алып, жақындарына қандай сыйлықтар сыйлайтынын және қандай сыйлықтарды әдетте алып жататынын сұрады.

Министрлердің бұл сұрақтарға жауабын назарларыңызға ұсынамыз:

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой

Алексей Цой
Алексей Цой. Фото: primeminister.kz

"Жұмыс көп болғандықтан, отбасыма көңіл бөлгенге өте аз уақыт қалады, тіпті демалыс күндері де отбасым мені таңертең ерте немесе түнде ғана көретін күндер болады. Сондықтан, әрине, мен Жаңа жылды үйде, отбасыммен өткіземін.

Бұл - отбасылық мереке, сол себепті біз әдетте үйде, немесе кейде жақын достарымыз бен туыстармыздың үйінде жиналамыз. Бірақ биыл жақындарымыздың денсаулығына қауіп төндірмеу үшін қонаққа бармайтынымыз анық. Оның үстіне, өтіп жатқан 2020 жыл жақындарыңды қорғау мен қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті", - дейді Цой.

Сыйлықтарға қатысты сұраққа министр бос уақыты аз болғандықтан, сыйлықтарды әдетте балалардың талғамын жақсы білетін жұбайы таңдайтынын алға тартты.

"Алайда Жаңа жыл қарсаңында мен сыйлықтар алуға уақыт табуға барынша тырысамын, мәселен, ұлдарыма пайдалы және қажет заттарды сыйлаймын. Ал әйелім үшін қандай сыйлықтар алатыным жеке өміріме қатысты болғасын, ол туралы айтқым келмейді", - дейді ол.

Еліміздің бас дәрігері өзіне жасалған ең естеқаларлық сыйлық балаларынан болғанын да атап өтті. Балалары оған жаңажылдық суреттер мен қолдан жасалған бұйымдар сыйлаған екен.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев

Ерлан Тұрғымбаев
Фото: ult.kz

Тұрғымбаев Жаңа жылды отбасымен бірге қарсы ала алмайтынын айтады.

"Мереке күндері мен әдеттегідей жұмыста боламын. Жаңа жыл қарсаңында кезекшілікке түсетін жасақты және азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын күзететін барлық қызметкерлерді құттықтағым келеді. Себебі, полиция мереке күндері ерекше күшейтілген режимде жұмыс істейді", - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Министр Жаңа жылға туыстарына қандай сыйлықтар беретінін нақтылап айтпаған. Дегенмен "кейде көпшілікпен ақылдаса отырып, пайдалы бұйым сыйлауға тырысатынын" жеткізген.

Ал естеқаларлық сыйлықты Тұрғымбаевқа жұбайы сыйлаған көрінеді.

"Ең керемет сыйлықты әйелім жасады. Ол жаңажылдық мерекеде маған ұл сыйлаған болатын", - дейді министр.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов

Асхат Аймағамбетов1
Асхат Аймағамбетов. Фото: primeminister.kz

"Жаңа жыл - бұл отбасылық мереке. 31 желтоқсан күні әйеліммен және балаларыммен бірге әрдайым анама қонаққа барамыз. Жаңа жылды барлық бауырларыммен, қарындастарыммен бірге мерекелік кең дастарханда қарсы аламыз. Біздің отбасымызда балаларға сыйлық беру дәстүрге айналған. Әдетте мен пайдалы нәрсе беремін: өз-өзін дамытуға бағытталған ойыншықтар немесе кітаптар сыйлаймын. Бірақ бәріміз үшін бастысы - жақындарымыздың денсаулығы мен қолдауы", - дейді ол.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин

Бағдат Мусин
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Мусин Жаңа жылды отбасымен қарсы алуды жоспарлап отыр.

"Әйелім мен балаларым үйде мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Жаңа жыл қарсаңында біз міндетті түрде аққала жасаймыз, көңіл-күй жақсы болу үшін мерекелік фильмдер көреміз. Жақында үйімізді безендірдік. Шырша қойып, бірге әрледік", - дейді Бағдат Мусин.

Министр отбасылық дәстүрлер туралы да айтып берді.

"Мысалы, балалармен бірге өткен жылға алғыс хат жазамыз. Біз не істей алғанымызды, өткен жылмен салыстырғанда нәтижелерді қалай жақсартқанымызды атап өтеміз, содан кейін бәрін оқып шығып, жаңа мақсаттар қоямыз. Біз жаңа жылды шаңғы немесе коньки тебуден бастаймыз", - дейді ол.

Жақындарына қандай сыйлықтар беретіні туралы сұраққа министр отбасы "сыйлықтардан гөрі бір-біріне эмоциялар сыйлағанды ұнататынын" алға тартты.

"Әрине, жылдар өткен сайын тосынсый жасау қиындай түседі, десе де балалар ержетіп келеді, олар өздерінің жаңа және ерекше тосынсыйларын ұсынады. Мысалы, олар сыйлық іздеу үшін квест құрды - бұл балалар үшін де, ересектер үшін де қызықты", - дейді Мусин.

Министр бәрінен бұрын балаларының сыйлығын ұмытпайтынын айтады. Балалары видео түсіріп, оны Жаңа жылмен құттықтаған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов

Біржан Нұрымбетов
Фото: NUR.KZ

Біржан Нұрымбетов те Жаңа жылды отбасымен қарсы алуды жоспарлап отыр. Айтуынша, олар мерекені қашан да отбасымен бірге қарсы алады.

Министр мереке күндері балаларына ойыншықтар, кітаптар, гаджеттер сыйлап келіпті.

"Ал бүгінде олар есейген, сондықтан біз бір-бірімізге кішігірім сыйлықтар жасаймыз", - дейді ол.

Еңбек министрі ең естеқаларлық сыйлық туралы сұраққа:

"Сыйлықтардың бірін ерекше бөліп айта алмаймын. Жақындарымның кез келген сыйлығы, тіпті кішігірім сыйлық болса да, мен үшін өте қымбат. Ең бастысы, біз Жаңа жылды бірге қарсы аламыз", - деп жауап берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891875-elimizdi-ministrleri-zaa-zyldy-kalaj-karsy-alady/