RU

Ақтөбе облысында шахтада қайтыс болған кеншілердің аты-жөні белгілі болды

Шахта
Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбе облысы Хромтау ауданында шахтада болған төтенше жағдайдан қаза тапқан жұмысшылардың аты-жөні белгілі болды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ақтөбе облыстық әкімдігі қаза болған кеншілердің аты-жөнін жариялады. Олар:

  •  тау-кен шебері Асхат Мадридұлы Қайқанов;
  •  жарушы Денис Викторович Черный, 1985 жылы туған;
  •  Рустам Бекарысұлы Шәметов, 1981 жылы туған;
  • жүргізуші Жақыпов Б., 1983 жылы туған.

Әкімдіктегілер төтенше жағдайдың қалай болғанын айтты. Қазіргі мәліметке сәйкес, шамамен, кешкі сағат 20:00-де "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС жұмысшылары шахтада 1,5 шақырым тереңдікте жарылыс жұмыстарын атқарған.

Әрбір жарылыс белгілі бір уақытта жасалады. Олар кезекті жарылыстан кейін байланысқа шықпаған. Осыдан кейін апаттық-құтқару тобы жіберілген. Мамандар оқиға орнында төрт жұмысшының денесін тапқан. 

"Алдын ала мәліметке сәйкес, кеншілер иіс тиіп қайтыс болған. Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы мен аудандық прокуратура қызметкерлері барды", - дейді әкімдік қызметкерлері. 

Қазіргі кезде аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы, 4-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген еңбектi қорғау қағидаларын бұзу әрекеті) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Еске сала кетсек, 30 желтоқсанда кен орнында жарылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде төрт адам қайтыс болған еді.

Ақтөбе облысының әкімдігі оқиға орнына жедел түрде өңір әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша мән-жайды анықтау үшін облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов пен ТЖД қызметкерлері аттанғанын хабарлаған болатын.

Кейінірек, марқұмдардың әріптестері наразылық білдіріп, оқиға орнына журналистердің, прокурорлардың және әкімнің келуін сұрады.

Олар тергеудің әділ жүруін сұрап отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891908-aktbedegi-sahtada-kajtys-bolgandardy-aty-zni-belgili-boldy/