RU

Ақтөбеде шахтада қаза болғандардың туыстары президенттен көмек сұрайды

258
Марқұм Асхат Қайқановтың жұбайы Жанна Досаев. Фото: NUR.KZ

Ақтөбеде шахтадағы жарылыс жұмыстарынан кейін қаза болған кеншілердің туыстары президенттен көмек сұрайды. Жәбірленуші тарап тергеу жұмыстарын республикалық деңгейде жүргізілуін талап етуде деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Тергеу жұмыстарын президенттің өзі бақылауға алуын сұраймыз. Бар үмітіміз - президентте. Адам өмірі қыл үстінде тұратын шахтада қауіпсіздік жоғары деңгейде болу керек. Кеншілер өліміне компания басшыларының қатаң жауап беруін талап етіп, қайғылы жағдайды енді болғызбау керек", - дейді тау-кен шебері болған марқұм Асхаттың жеңгесі Венера Қайқанова.

Хромтау ауданындағы "Весенняя Аралчинский" жерасты кенішінде қаза болған төрт жұмысшының бірі - 43 жастағы Асхат Қайқанов. Компанияда 20 жылдан аса еңбек еткен кеншінің артында үш баласы қалды. Марқұм екі ай бұрын ғана​ адал еңбегі үшін компаниядан "Құрмет" грамотасын алған.

Ел президентінен көмек сұраған марқұмның жесірі жолдасының вахтадағы соңғы сағаттарын өмірінің соңғы сәті екенін білмедім дейді.

"Сол кезде жұмысын бітіретін соңғы күні, соңғы сағаты еді... Бір сағаттық жұмысын істеп, үйге қайту керек болатын. Шахтаға кірер алдында телефонмен де сөйлестік. Жаңа жылды отбасында қарсы алатынын айтқан. Балалары өсіп қалғанда арамыздан кетті.. Өкінішті... Сұраусыз болмасын, әділдік сұраймыз. Біздің сөзіміз президентке жетсе екен. Кінәлілер жазалансын", - дейді марқұмның жұбайы Жанна Досаева.

Ал жарылыстан кейін көз жұмған​ Рустам Шәметовтың жақындары қайғылы хабарды шахтаға барғанда естіген.

Рустам Шәметовтың туысы1
Рустам Шәметовтың туысы. Мәди Шәметов Фото: NUR.KZ

"Бізге хабар да берген жоқ. Жарылыс туралы естігенде жанұшырып шахтаға өзім бардым. Ішіне кіре алмай "Рустам ағам аман ба?" деп сол жердегі​ жұмысшылардан сұрадым. Әріптестері "Бауырым" деп көңіл айтты. Бұл жерде не айтуға болады?! Біз тергеу жұмыстарының әділ өтуін сұраймыз! Бір жерден төрт бірдей​ адамның денесі шықты. Компания басшылары тарапынан жауапсыздық орын алып тұр.

Жарылыс болған жерде басшылық болу керек. Ал осы оқиға кезінде тек шахтада тау-кен шеберлері ғана болған. Жаппай өлім деп ойлаймын. Себебі шахтада​ ​төрт адам өлді. Тергеу жұмыстарын президент бақылауға алса екен. Компания басшылары келіп, материалдық көмек көрсетілетінін айтты. 20 миллион теңге қаржылай көмек көрсетіп, 4 бөлмелі пәтер алып береміз деп уәде берді. Бізге ақшадан бұрын тергеудің әділ өткені маңызды. Миллиондар бауырымның құны емес. Тірі болса, бәрін өзі жасар еді", - дейді​ марқұмның інісі Мәди Шәметов.

Марқұм Рустам Шәметов 39 жаста. Үш баланың әкесі, келіншегінің төртінші балаға аяғы ауыр.

Шахтада қаза болған тағы бір жұмысшы Берік Жақыповтың артында үш баласы, тау-кен жарылысшысы Денис Черныйдың екі баласы қалды.

Осыған дейін​ 30 желтоқсан күні Ақтөбе облысы Хромтау ауданы​ "Ақтөбе мыс компаниясы" ЖШС-не қарасты "Весенняя Аралчинский" жерасты кенішінде болған апаттан төрт адамның қаза болғанын хабарлаған едік.

Қазіргі уақытта облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша мән-жайды анықтау үшін комиссия құрылып,​ оқиғаның себебі анықталуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892175-milliondar-bauyrymny-kny-emes-aktbede-sahtada-kaza-bolgandardy-tuystary-prezidentten-kmek-srajdy/