Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тәуекелге бардық": Қауіпті аймаққа бірінші болып кірген ақтөбелік дәрігер індетпен қалай күрескенін баяндады

Опубликовано:

Фото
Фото: NUR.KZ

Ақтөбелік реаниматолог Нұрмұхамбет Бигиев пандемия кезінде қауіпті аймаққа алғаш кірген дәрігер. Ол адам өміріне араша түсу үшін коронавируспен күресіп, бірнеше ай бойы жансақтау бөлімінде жұмыс істеген. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген тәжірибелі маман науқастардың өліммен арпалыс кезіндегі қорқынышы мен қызыл аймаққа кірер алдындағы ақ халаттылардың үрейі туралы айтып берді.

Нұрмұхамбет Бигиевтің айтуынша, індет жайлы алғаш рет ақпарат тараған соң, әсіресе Ухань қаласындағы жағдай үрей туғызған.

"Сол кезде індет бізге келген күні "науқасқа бірінші кім кіреді?" деген сұрақ туды. Басшылар: "Біз ешкімге қауіпті аймаққа кіресің деген бұйрық бере алмаймыз" деп бірден ашып айтты. Дәрігер мамандығын таңдағаннан кейін ондай бұйрықты да күткен жоқпыз. Саналы түрде тәуекелге бардық. Тізімге Хабиболла Қажығалиұлы есімді реаниматолог ағаммен бірге алғашқы болып жазылдым. Қалған дәрігерлер де кезекпен жазылды. Қорқыныш бәрінде болды. Балаларым, жұбайым уайымдады. Үйде "неге бірінші жазыласың" деген әңгімелер де болды. Ел басына күн туып тұрған кезде үндемей отыра алмайсың", - дейді реаниматолог маман.

Нұрмұхамбет Ізмұханұлының медицина саласында 24 жыл тәжірибесі бар. 12 жылдан бері реаниматолог дәрігер. 48 жастағы тәжірибелі маман екі өкпесі қабынып, әрең тыныстап жатқан науқас аяққа тұрғанда отандық дәрігерлер арасында індетті жеңуге сенім пайда болғанын жасырмады.

"Қызыл аймаққа" бір кіргеннен кейін қалдым. Ауыр жағдайда түскен алғашқы науқастың ПТР тест қорытындысы "теріс" болды. 3-4 күннен кейін үлкен жолда жүргізуші болып жүрген екі өзбек азаматы түсті. Екеуінің де тест қорытындысы "оң" нәтиже көрсетті. Біреуі өте ауыр жағдайда болды. 53 жастағы ер адам. Өкпе қабынған. Тыныс алуы ауыр. 15 күн жансақтау бөлімінде жатып, аяққа тұрып кетті. Бұл кісіден кейін індетті жеңе алатынымызға сендік. "Емдеуге болады" екен деген қуаныш пайда болды", - дейді Нұрмұхамбет Ізмұханұлы.

Қауіпті індет жұқтырған адамның күндіз-түні қасында болған дәрігер коронавирустан өзінің қалай сақтанғанын да айтты.

"Оңай болған жоқ. Сәт сайын жақын байланыс бар. Қасымда Бақытгүл Жақасова есімді медбике қарындасым жүрді. Сақтық шараларын барынша күшейттік. 3-4 сағат сайын костюм алмастырып аламыз. Үнемі науқастың қасында болғаннан кейін таза аймақта бір сағатқа жуық демалып, қайтадан жаңа костюммен қызыл аймаққа кіреміз. "Сақтансаң ештеңе болмайды" деген ойға өзімді сендіріп, жұмыс істеу керек деген міндетті ғана ойладым.

Басқа ештеңе ойлаған жоқпын. Себебі науқас көп, көмекке мұқтаждардың саны күн санап артты. ПТР тест қорытындысы "оң" нәтиже көрсеткен науқастар уайымға салынады. Психологиялық күйзеліс адамға қатты әсер етті. "Өліп қалам ба?" деп сұрай береді. Оларға емделіп шығып жатқандар туралы ақпараттарды, статистиканы телефонмен көрсеттік. Күш жинап, берілмеуін сұрадық. Көпшілігі "түнде өлім қалуым мүмкін" деп қорқатын. Күндіз-түні қасында болып, әрдайым көмек көрсетілетініне сендірдік.

Жазда жағдай қиын болды. Әсіресе, 15 мамыр мен 15 тамыз аралығында жағдай қатты қиын еді. Пандемия шарықтады. Ауруханаға түскендердің бәрі пневмониядан емделді. Көбіне науқастардың туыстары қиындық туғызды. Ауру адамның шу шығаратын әлі де болған жоқ. Бізде ауырып қалған дәрігерлер де аз болған жоқ", - дейді реаниматолог Бигиев.

Дәрігердің айтуынша, соңғы кезде тұрғындар ауру белгілері байқалғаннан-ақ дәрігерге жүгінуді әдетке айналдырған.

"Бұл ауруда уақыт өткізуге болмайтынын көрдік. Індет жас талғаған жоқ. Қаза болғандар арасында жастар, орта жастағылар мен үлкен кісілер де болды. Қазіргі жағдай қалыпты. Провизорлық орталықтан он күн бұрын шықтым, ол жақта бір айдай жұмыс істедім. Адамдар түсіп жатыр. Өршу жоқ. Көпшілігі бұрынғыдай емес, дертті асқыну деңгейіне дейін апармайды.

Уақытында келіп, қаралып жатыр. Ең бастысы сақтанып жүру керек. Оның да қағидасы жоқ. Иммунитетті жақсартуды қолға алып, дұрыс тамақтану керек. Қазір үйден қатынап жұмыс істеймін. Еш жаққа шықпаймын. Жұмыстан кейін тек үйде боламын. Отбасы мүшелеріне көп жақындамаймын", - дейді Нұрмұхамбет Бигиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892427-aktbelik-driger-eki-kpesi-kabynyp-hl-stinde-zatkandardy-kalaj-aman-alyp-kaldy/

pixel