Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сорбұлақтан ауланған болуы мүмкін": Алматыдан шығаберісте тұрпаты өзгеше балық тәркіленді

Опубликовано:

Жол бойында ілулі тұрған балықтар
Видеодан кадр: Хабар 24

Алматыдан шығаберістегі жол бойында сатылатын балық санитарлық талапқа сай келмейді. Бұл жөнінде Алматыда арнайы тексеріс жүргізген облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясының өкілдері мәлімдеді. Тәркіленген өнімдер арасында Сорбұлақ су қоймасынан ұсталған балық та болуы ықтимал. Ал бұл көлден балық аулауға мүлдем рұқсат жоқ деп хабарлайды

Телеарнаның мәліметінше, Алматыдан шығаберіс тұстағы жолдың бойында балық саудасы қызып тұр.

Тұрпаты өзгеше алып дөңмаңдай, көксерке мен сазанға сұраныс бар. Тіпті саудагерлер таңдаған балығыңыздың қылтанағын аршып, тазалап та береді.

Бірақ сатушыларды тексергенде балықтың қай өзен-көлден ауланғаны туралы нақты анықтама құжаттары болмай шыққан. Тек балықты сатып алғандары жөніндегі есеп-қисап түбіртегі ғана бар. Ал бұл заңсыз сауда саналады.

Сауданың көркін қыздырған алып-сатарлар балық Атырау мен Балқаштан деп ақталған. Тексеріс барысында мемлекеттік инспекторлар 1 тоннадан астам өнімді тәркілеген.

Қала тұрғындары арасында балық Сорбұлақтан ауланып әкелінуі мүмкін деген күмәннің болуы да орынды деп хабарлайды телеарна.

Өйткені қатаң қадағалаудың жоқтығынан Сорбұлақтың сазаны мен өзге де балығы Алматы базарларына түсіп жататын көрінеді. Оның құрамында улы заттар көп, дейді экологтар.

Айта кетейік, Алматының кәріз жүйесінен шығатын су Сорбұлаққа жиналады.

"Бұл су қоймасында улы металдар мен күкірттің мөлшері өте көп. Қанша тазартудан өтсе де, зиянды қалдықтар көлдің табанында жиналады. Онымен балықтар қоректенеді. Сондықтан Сорбұлақтың балығы мутацияға ұшырайды. Тұрпаты ірі әрі семіз келеді. Бірақ оны жеуге мүлдем болмайды", – дейді эколог Тимур Елеусізов.

Орман шаруашылығы инспекциясының аға инспекторы Ринат Қумашевтың айтуынша, Сорбұлақ су қоймасынан балық аулауға тыйым салынуына байланысты аталған көлге балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтама және ветеринарлық құжат берілмейді.

"Соған байланысты ол көлдегі балықты сатуға тыйым салынған", – дейді Ринат Қумашев.

Жалпы өткен жылы Алматы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясы мыңнан астам тексеріс іс-шарасын өткізген. Нәтижесінде балықты заңсыз аулап сатқаны үшін 364 дерек тіркеліп, 54 іс сотқа жолданған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892474-sorblaktan-aulangan-boluy-mmkin-almatydan-sygaberiste-trpaty-zgese-balyk-satylgan/

pixel