Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бұл басты міндет болды": Түркістан қаласы 100 пайыз газбен қамтылды

Опубликовано:

Өмірзақ Шөкеев
Фото: Facebook/ Мира Муслим

Түркістан қаласы енді ауаны ластап, аспанды торлаған көк түтіннен тазаратын болды. Газдандырылу 100%-ға аяқталып, тұрғындар газға толық қол жеткізуге мүмкіндік алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сондай-ақ, жылыту маусымынан бастап Түркістан қаласындағы орталық қазандық 100 % табиғи газбен жылытыла бастады. Ауқымды жұмыс нәтижесінде қаланың экологиялық жағдайы жақсарып, ауаның ластауы 65 % -ға төмендеген.

Шаһардың газдандырылуына қатысты өткен шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

Түркістан қаласын газдандыру 11 кезеңге бөлініп, құны 20,2 млрд болатын құрылыс жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 52 мыңнан астам абонент газбен жабдықтау желілеріне қосылып, 26 мың үйге табиғи газ тартылды. 2015 жылы Түркістанға газ тарту үшін халықаралық маңызы бар «Бейнеу-Бозой» магистарльды газ құбыры тартылып, автоматтандырылған газ тарату станциялары іске қосылған еді. Нәтижесінде 1180 ш.қ. газ құбыры тартылды. 4 800 адам жұмыспен қамтылды.

Түркістандықтармен кездескен облыс әкімі қолда бар мүмкіншілікті пайдаланып, тұрмысқа қолайлы жағдай жасау үшін табиғи газды пайдалануға шақырды. Сондай-ақ табиғи газ тартылған тұрғын үйлерді аралап көрді.

"Бүгін біз Сіздермен осы қуанышты жағдайлардың куәгері болып отырмыз. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы Жарлығымен Түркістан облысының құрылғанына екі жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт ішінде Түркістан қаласы қарқынды дамып, қазаны қайнаған құрылыс алаңына айналды.
Шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту мәселесі де қалыс қалған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экологиялық мәселелерге тоқталып, түйткілдерді шешуді тапсырды. Бұл тұста облысымызда, әсіресе Түркістан қаласында ауқымды шаралар атқарылуда. Айналаны жасыл желекке бөлеумен қатар, түркістандықтарды толықтай табиғи газбен қамтамасыз ету де басты міндет болды", - деді Өмірзақ Естайұлы өз сөзінде.

Қала үлкейіп, халық саны өскен сайын коммуналдық қажеттіліктің де артатыны белгілі. Бұл мақсатта халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады. Абоненттердің газға қосылуы осыған дейін бір айға жуық мерзімді құраса, бүгінде екі жұмыс күнінде шешімін табады. Жұмыс ақысы 85 мың теңгеге төмендетілді.

Қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Түркістан қаласының Бас жоспарына сәйкес, қала айналасынан 7700 га аумаққа жасыл белдеу құрылды. Экологтардың мәліметінше, қаладағы қоршаған ортаның ластануы үш жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 65%-ға төмендеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892560-bl-basty-mindet-boldy-trkistan-kalasy-100-pajyz-gazben-kamtyldy/

pixel