RU

COVID-19: Украинада қатаң карантин күшіне енді

Украиналықтар
Көрнекі фото: Vladimir Shtanko/Anadolu Agency via Getty Images

Украинада 8 қаңтардан бастап коронавирусқа байланысты қатаңдатылған карантин шаралары енгізілді деп жазады РИА Новости.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермес үшін қабылданған шектеу шаралары 24 қаңтарға дейін сақталады.

Одан бөлек ел билігі Төтенше жағдай мен жалпыұлттық карантинді 28 ақпанға дейін ұзартты. Бұл шаралар 2020 жылдың соңына дейін сақталған еді.

Осы ретте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Киевтің шешімін сынап, шектеу шаралары азаматтардың әл-ауқатына, сондай-ақ олардың медицина мен білімге қол жеткізуіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтқан.

Ал сарапшылар болса қатаңдатылған шектеу шаралары ұлттық экономикаға кері әсер етпейтінініне сенімді. Дегенмен олар украиналықтар арасында наразылықтардың күшеюі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Айта кетсек, карантин кезінде мектептер мен ЖОО-лар жабылады, бірақ балабақшалар жұмыс істей береді. Жаппай іс-шаралар өткізуге, кез келген базарлардың жұмысына тыйым салынады.

Банктер, пошталар, көлік жөндеу орындары, ветеринарлық емханалар, жанармай құю бекеттері мен қонақ үйлердің жұмыс істеуіне рұқсат етілген.

Сондай-ақ украиналықтар азық-түлік, дәрі-дәрмек, гигиеналық заттарды кедергісіз ала алады. Оған қоса қоғамдық көліктердің қозғалысы мен халықаралық транспорттық байланысқа шектеу қойылмаған.

Айта кетейік, бұған дейін Украинада жаңа жылдан кейін қатаң локдаун енгізілетінін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1892732-covid-19-ukrainada-kata-karantin-ksine-endi/